Сабуров - Ресей стендапері. Әрине Қазақстан тумасы, бірақ одан өзге жақындығы жоқ. Қазақ текті Ресей әртісі ғана. Ресейде карьера жасаған, сол жақтың аудиториясына жұмыс істейді, сол жақта тіркеліп, сол жаққа салық төлейді.
Осы жерде маңызды нәрсені түсіну керек деп ойлаймын. Ресейде салық төлеу - Ресей әскерін қаржыландыру. Соғысты қаржыландыру. Сол себепті АҚШ-та өткен концертінде оған көрермендері позицияңды нақты айт деп талап қоюы - орынды әрі түсінікті құбылыс. Себебі Сабуровтың көрермендері арасында да соғысты қаржыландырғысы келмейтін адамдар көп деп ойлаймын. Олар сол себепті Сабуровтан нақты позициясын білгісі келеді.
Енді оның қазақ екендігі жайлы. Өзі "бұл соғыс - менің соғысым емес" деп ақталғысы келген деп түсіндім. Бірақ Сабуровтың қазақтығы тек паспортындағы бір графадан ары аспаған сияқты. Ол кісінің қазақтығы - жылқы етін жеумен аяқталғандай ғана әсер қалдырады. Ондай әсер менде ғана емес, одан позициясын білгісі келіп, дау шығарып жүрген адамдарда да бар.
Сабуров "бұл - менің соғысым емес, қазақтардың бұл соғысқа қатысы жоқ, сол себепті соғыс жайлы ештеңе айтпаймын" деп ақталғысы келді деп есептейік. Егер Сабуровтың бұған дейінгі концерттерінде оның қазақ екені анық байқалған болса, өзін Ресей аудиториясынан ерекшелеп алып, тіпті әзілдеріне қазақша сөздер араластырып жүрсе, онда АҚШ-та дау шығарған кісілер оны бірден сезер еді. Қазақ болғаны себепті қатты дау шығармас та еді деп ойлаймын. АҚШ-та дау шығарғандар ондайды сезбеген болса, демек Сабуровтың да қазақ екендігі тек паспорттағы графа ғана.
Қысқасы, Сабуровтан соғыс жайлы ойын сұрағандардікі - орынды. Сабуровтың "қазақпын" деп қашқаны - орынсыз. Себебі ол - Ресей аудиториясына ықпалды адам әрі сол жақтың салық төлеушісі.
Айтпақшы, Сабуров, Сабыров емес. Егер ол Сабыров болса, онда соғыс жайлы пікіріне кешіріммен қарайтын адам көп болар еді.
Әлеуметтік желілер менеджері Жалғас Ертайдың facebook парақшасынан