$ 498.34  519.72  4.85

«Соғыста өлген атасының портретін төбесіне көтеріп шерулетіп жүру қазақтың салтында жоқ» - қоғам белсендісі

Жалпы қазақтығы басым біздің қалада осындай "Бесмертный полк" секілді шараларды ұйымдастырушылар кім? Анығын білмеймін, бірақ Ақтауда шығатын "Лада", "Тумба" жарнамалық газеттері мен солардың айналасына шоғырланған, РФ-ға іші бұратын өзге ұлт өкілдері емес пе екен деп күдіктенемін.

Ақтауда "Бесмертный полк" деген ұйымдастырылады деп жатыр. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Оның түбі неден шыққаны, қайдан бастау алып әрі қарай қалай өрбігені - мұның бәрі осында әлденеше рет жазылды да, айтылды да, оларды қайталап жатқым келмейді.

Сәл шегініс жасайық: жеке менің отбасымда 2-ші ДЖ соғысқа ешкім де қатысқан жоқ - арғы атам Али 1930 жылы Адай көтерілісіне қатысқаны үшін сотталып, алдымен Гурьев түрмесіне қамалып, артынан көтеріліс басшыларының бірі ретінде Алматыдағы Ақсай түрмесінде өлді, архив құжаттары солай дейді. Оның баласы Еділхан 1936 жылы өз ажалынан ауырып өлді.

Оның баласы Жауқан (Жауғашты), менің әкем, соғыс басталғанда 11 жаста. Бірақ бұл мені соғыс ардагерлерін сыйламайды, олардың жанын түсінбейді деген сөз емес. Бала кезімізден алақандай Онды деген ауылда бір қолы, бір аяғын соғыста қалдырған талай ақсақалдардың арасында өстік. Жұмыста да поселкелік кеңестер төрағасы ретінде олардың мұқтаждарымен тікелей айналыстық, кештер ұйымдастырып әңгімелерін тыңдадық.

Алайда мына жағдай мүлдем басқаша жағдай. Соғыста өлген атасының портретін төбесіне көтеріп шерулетіп жүру қазақтың салтында жоқ екендігін айтпағанның өзінде де ондай идеология ақыр түбінде неге алып келетінін көріп отырмыз. Ең бастысы - қазір соғыс жүріп жатыр. Кім басқыншы, кім құрбандық екені айқын көрініп тұр. "Можем повторить" деген, неміс халқын қорлайтын жаргондардың шексіз, орынсыз қайталануынан РФ халықтары ақырында өздерінің де нағыз фашистерге айналғандығын сезбей де қалды.

Жалпы қазақтығы басым біздің қалада осындай шараларды ұйымдастырушылар кім? Анығын білмеймін, бірақ Ақтауда шығатын "Лада", "Тумба" жарнамалық газеттері мен солардың айналасына шоғырланған, РФ-ға іші бұратын өзге ұлт өкілдері емес пе екен деп күдіктенемін. Бұрын РФ азаматтарының мүддесін қорғап жүретін "Лад" деген ұйым болушы еді, мүмкін солар ма? Тіпті мынау халықтар ассамблеясы деген ұйым, РФ консулдығының өкілдері де болуы мүмкін. Мейлі, бәрібір олар халықтың басым бөлігі емес. Ендеше неге біздің әкімдік, оның ішкі саясат бөлімі қазақ халқының мүддесін қорғамайды, неге жат елдің идеологиялық диверсиясына жол береді?

Ақтауда бір қолдың саусақтарына жетпейтін соғыс ардагерлері қалған-ақ болар, олар соған мұқтаж ба? Одан да соларға сыйлықтарын жасап, қалғандарына өз отбастарында еске алуларына неге мүмкіндік бермеске? Неге міндетті түрде шоу болуы керек? Қазіргі РФ-Украина соғысы жағдайында бұл тіпті орынсыз ғой? Соны түсінуге қаншалықты ақыл керек?

Бұл тіпті әрі-беріден соң мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі емес пе - мұндай шоуды Батыс ертең РФ-ны, соғысты қолдау деп түсініп санкция салып жіберсе не болады? Осыған жауап беретін адам бар ма?

Қоғам белсендісі Қуаныш Еділхантегінің facebook парақшасынан

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары