$ 494.87  520.65  4.91

«Тіл мәселесін бірді біреуге қарсы қою, қоғамды дүрліктіру, «хайп» қууға айналдырмаған абзал» - Ерлан Сайыров

Өз басым Қазбек Иса ағамызды сыйлаймын. Мәжіліс аясында «мемлекеттік тіл» жөніндегі заң жобасы талқыланған жоқ, ол Заң әзірше Мәжілісте жоқ. Яғни ешкім қолдап та, қолдамай да дауыс берген жоқ.

Құрметті достар!

Өздеріңізге белгілі, соңғы кездері әлеуметтік желіде мемлекеттік тілге қатысты түсініксіз ақпараттар легі жиіледі. Бұл ақпараттың ішінде менің басыма қатысты қаңқу сөз жүргендіктен өзімнің түсініктемемді беруді жөн деп шештім.

Шын мәнінде, Мәжіліс аясында «мемлекеттік тіл» жөніндегі заң жобасы талқыланған жоқ, ол Заң әзірше Мәжілісте жоқ. Яғни ешкім қолдап та, қолдамай да дауыс берген жоқ.
Депутат әріптесіміз, ағамыз Қазыбек Иса идеология саласына қатысты депутаттық сауал жолдап, соның ішінде «мемлекеттік тіл» жөніндегі Заң жасау керек деген ұсыныс айтты.
Бұл депутаттық сауалға мен қол қоюға қалыс қалдым.

Неліктен?
Өйткені, «Халықаралық Қазақ тілі»» қоғамының VI съездінде Қоғамның 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған болатын. Сол бағдарламаның «Қоғам міндеттері» деп аталатын бабының 1-бағытында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тіл жөніндегі Заң әзірлеу және ұсыну» ең басты міндет деп атап көрсетілген. Бұл осыдан жарты жыл бұрын бұл бүкіл Қазақстанның тіл жанашырларының қатысуымен қабылданып қойған шешім.

Мен Ана тіліміздің өркенін өсіру, оны дамыту барысында қоғамдық институттардың жүйелі, ғылыми негізделген жұмыстарды атқаруы тиіс деп есептеймін. Өйткені, Қазақ тілі мәселесі бір адамның ғана еншісі емес, барлық саналы қазақтың өзіміздің тіліміз үшін жүрегі ауырады, тіліміз озық болса екен деп тілейді, сол үшін күреседі!
Өзім «Қазақ тілі» қоғамының эксперттік Кеңесінің мүшесімін, және осы мәселемен жүйелі түрде айналысып жатырмыз.

Енді депутаттық жұмыстың этикасына келсек, депутат өзінің жұмысы барысында әр-түрлі проблемаларды көтереді. Бұл оның жұмысы. Мен осы депутаттыққа дейін де, депутаттық кезде де Ана тіліміз, патриоттық сезім, еліміздегі кедейлік және онымен күрес, әлеуметтік әділеттілік мәселелерін көтеріп жүрмін. Шекара аудандарының мәселесінде күн демей, түн демей айтып, оны Үкіметке орындатып жүрміз.

Осы шекаралық аудандар мәселесі өте ауыр және қиын болды, бүкіл жүйеге қарсы күресуге тура келді!

Бірақ осы мәселелердің әр-қайсысы бойынша өзімнің әріптестерімді түртпектеп, оларға қолқа салып, «мынаны қолда» деп айтып көрмеппін. Өйткені, бұл әр-бір адамның ішкі дүниесінен, оның болмысынан, табиғатынан туындайтын қоғамдық шығармашылық.
Бұл жолды әр - бір жаны ауыратын адам өзі жүріп өтуі тиіс.

Қазақ тілі мәселесін «Қазақ Тілі» қоғамы аясында коллегиалды түрде, еліміздегі тіл жанашырларының көпшілігінің қатысуымен жүйелі түрде шешілуі тиіс деп есептеймін.
Тіл мәселесінде бірді біреуге қарсы қою, қоғамды дүрліктіру, «хайп» қууға жол бермеген абзал.

Ал өз басым Қазбек Иса ағамызды сыйлаймын, ол кісінің принципті позициясын оң көремін. Жасы үлкен қазағымыздың ардақты азаматы деп есептеймін.
Тактикалық тұрғыдан біраз өзгешелік бар шығар, стратегиялық тұрғыда көзқарасымыз бір. Ол Қазақстанның Тәуелсіздігі, Еліміздің мызғымастығы, қазағымыздың өсіп-өркендеуі.
Ең бастысы, біз бірге болуымыз керек!
Қазбек ағамыздың шын ниетін, ақ пейілін де, бұл ақиық азаматқа білдіртпей реваншисттік «үшінші күштер» пайдаланып отыруы ықтимал.

Бүгінгі өте күрделі геосаяси кезеңде, еліміздің ішіндегі қым-қиғашы көп заманда тілді дамыту процессін салмақты, салиқалы түрде, қоғамға түсіндіре отырып, ғылымға негіздей отырып жасау қажет.
Өте күрделі заманда біз қоғамға жік тастамай біріктіретін, берекемізді арттыратын, ынтымағымызды нығайтатын сөз айтып, ой ойлаған жөн.
Осымен әңгімені доғаруды жөн көріп отырмын.

«Үндемейін, өзі қызып тұрған шоқты қазбаламайын» деп ойлағанмын.
Бұл жазбаны жазып отырған себебім, жан-жақтан, ауыл-ауылдан жоғарыдағы мәселені қоғам алдында түсіндіруімді өтінген азаматтар мен достар көп болып кетті.
Сол апай - қарындас, аға - інілеріме түсіндіру үшін жазып отырған жөнім бар.

«AMANAT» партиясы Фракциясы мүшелерінің баршасы Қазақ тілін дамытуды жақтайды, партияның сайлауалды бағдарламасында «Мемлекеттік тіл этносаралық қатынас тіліне және барлық азаматтар үшін біріктіруші факторға айналуы тиіс» деп, тайға таңба басқандай жазылған. Бұл бүкіл Фракцияның позициясы деп есептеу керек.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыровтың facebook парақшасынан

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары