Екі әкімге арналған екі өлеңнің баяны
Жуырда Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханға арнап «Әкімге өтініш» және облыс әкімі Әбілхайыр Ысқақовқа арнап «Іздеу» атты өлең жазып, фейсбук желісінде жариялаған едім. Екі өлең оқырмандар арасында соншалық резонанс тудырады деп ойлаған жоқпын. Әлеуметтік желілер мен ұялы телефоным арқылы хал-жағдайымды сұрап, сабыр етуімді өтінген ағайындар, дос-жарандар, мемлекеттік қызметшілер, қоғам белсенділері, шығармашылық адамдарының қарасы қалың.
Рас, екі қыздан кейін туған жалғыз ұлым Рауанның (1986-2001 жж) қазасына байланысты жазылған «Аяқталмаған сөйлем» атты өлеңдер топтамасы кезінде бұдан да күшті резонанс тудырған еді. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде бір бет болып жарияланған элегиялық өлеңдер топтамасын оқыған дәл мен сияқты жалғыз ұлынан айрылған ата-аналардың күйзеліске түскенін естідім. Өлеңдерімді оқып отырып сақалынан порша-порша болып жас саулаған ақсақалды көзіммен көрдім. Оқырмандар газеттің сол нөмірін қаланың дүңгіршектерінен бір-екі күннің ішінде сатып алып кетті. Жетпегендері редакциядан нөмірдің ксеркс көшірмелерін алыпты.
Енді әңгіменің әлқисасын әкем Бақтаннан (1909-1995 жж) бастайын. Әкей қартайғанында сал ауруына шалдығып, үй ішінде таяқпен әзер жүретін жағдайға ұшырады. Өлім жайында жиі айтатын болды. Жыл сайын қасиетті ораза айы келгенінде осы айда кетіп қалсам жарар еді – деп отыратын. «Ту, қойшы, қайдағыны айтпай, нағашы атаң Жаяу Мұса секілді 94 жасқа келесің – дейтінбіз. (Әкей Үш Жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның Кәсіп (1988-1938 жж) деген қызынан туған жиені еді). «Ол жастың маған керегі жоқ, сендер сол нағашыма ұқсап ұзақ өмір сүріңдер» – деп жауап қайтаратын. Бақилық дүниеге аттануға қаншалық ниеттенгенімен, ораза айынан аман-есен өтетін. Келесі жылы ораза айы келгенінде бұрынғы сөзін қайта бастайды. «Немене өлмей қоямын деп қорқып отырсың ба?» – деймін әзілдеп. «Кет, ит» – деп мырс етіп күлетін.
Ақыры 86 жасында ақырғы минуттарына дейін ақыл-есінен айрылмай бақилық сапарға аттанды. Өтер алдында «Соңғы тынысым біткен сәтте аузым ашылып қалмасын, жағымды басыма кішкене орамалмен тартып байлап қойыңдар, жұдырығым жұмулы қалмасын, алақанымды ашып, қолымды екі жаныма қойыңдар» деген ақтық сөздерін айтты.
...2018 жылы өзімнің ауыр дертке ұшырағанымды кездейсоқ білдім. Дәрігерлердің қарсылығына қарамай, Саудияға умра қажылыққа аттанып кеттім. Өйткені ерлі-зайыпты Наурызбай мен Рымтай қажылар сапарыма демеушілік жасап, ұшақ билетіне дейін алып қойған-ды. «Алатын жанды Құдай алады, қасиетті Мекке қаласында сағатым таусылып, сүйегім сонда қалса, арманым не? – деген ой маған қанат бітірді. Әйтеуір, Алла тағала жар болып, аман-есен үйге оралдым. Келе сала онкодиспансерге түстім. Әкем секілді өлім жайында ойланып, күнұзақ жабырқап жатамын. Бір күні облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев пен ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтың палатада кіріп келгені! Екеуі де менімен құшақтасып амандасып, жеміс-жидек толы кәрзеңкені қолыма ұстатты. Мұндайды күтпеп едім, толқығаным сонша көзімнен жас бұрқ етті! Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры болып жүргенімде Одақ басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің 70 жылдық мерейтойына әкімнің тарту-таралғысын алып, «Сарыарқа самалы» газетінің бұрынғы редакторы, ендігі зейнеткер, әдебиетке еш қатысы жоқ Мұхит Омаровтың кеткенін естігенімде қатты ашуланғаным есіме түсті. «Дәуде болса, менің орныма Мұхитты жіберген сен боларсың»! – деген жорамалмен Мейрам Бегентаевты және Мұхит Омаровты республикалық танымал порталдардың бірінде қатты сынап, екеуінің де суреттерін жариялатқызғанмын.
Мейрам інімнің түріне қарасам, арамызда түк болмағандай жайраңдап, тезірек жазылып шығуыма тілектес екенін айтты. «Ай, арғы аталарың текті екен ғой, сырқаттанып жатқан менің жаныма сені әкелген бойындағы солардың қаны шығар» деген ой түйдім.
Кейін онкодиспансерге ауыр халде қайта түскенімде өлім туралы өлеңдер топтамасын жазғанмын. Онкодиспасердің аурасы ауыр ғой, жайшылықта түсіңе де енбейтін жайттар туралы ойлар басыңа топталып енеді екен.
Мейрам Бегентаевқа арналған «Кешірім» атты өлеңім де дүниеге келді.
«Сүйретіп заузатымның көшін алға,
Сүрініп қайта тұрдым,
Кешір, Алла!
Ұлы едің текті атаның,
Ұғыспаған
Кездерді енді, жаным, есіңе алма!»
деген шумақпен басталып,
«Болған соң Ұлы Дала иланымым,
Ақ орда ішіне де сыймады үнім.
Әрі асып көкжиектен кетерімде,
Қарарсың кешіріммен, Мейрам інім»
деген шумақтармен аяқталатын өлеңіммен Мейрам Мұхаметрахымұлынан кешірім сұрадым.
Облысымыздың бас имамы Жолдас Қоспақұлына арнап «Жәрдем тілеу» атты өлеңді қалай жазғанымды өзім де білмей қалдым.
«Әй, Жөке, Аят оқып, жебе мені,
Шайқаста сертке ұстадым селебені!
Және де айт Әзірейіл періштеміз
Жайында
Расулалла не деп еді?..
Кездесер ақтық сәтте кісі қандай?
Тұғырдан кім бар мені ұшырардай...
Аспанға жалғыз өзім самғап барам,
Алла мен адамды да түсіне алмай...»
деген шумақтармен аяқталатын өлеңім облыстағы дін қайраткерлеріне арналған бірінші туынды болса керек.
Жалпы республика бойынша мені сырттай білетін қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, ғалымдар, ақын-жазушылар аз емес. Солардың бірі Парламент Сенатының депутаты, Атырау облысының тумасы Сәрсенбай Еңсегенов Павлодарға келген сапарында менімен жолыққысы келетінін айтып хабарласқан еді. Екеуміз бір кафеде оңаша отырып, ұзақ әңгімелестік.
Балаң жырларымды 1983 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялап, шығармашылық жолыма сәт сапар тілеген аса көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы гимнінің авторы Жұмекен Нәжімеденов еді. Сол ұлы адамның туған жерін көргім келсе өзі алып баратынын, кезінде ақынның өліп-өшіп жырлаған Қошалақ құмына дейін көрсететінін айтты. 2012 жылы Ж. Нәжімеденов туындыларының 7 томдық жинағының жарық көруіне орай Алматыдағы Жазушылар одағы ғимаратында өткен мәдени шараға Керекуден арнайы барып сөз сөйлегенмін, ақынның қара шаңырағында болып, Нәсіп жеңгеміздің қолынан дәм татқан едім. Сол жайтты және алдағы уақытта сәтін салса Атырау облысына баратынымды айттым. Қоштасарда Сәрсенбай Құрманұлы қандай да бір көмекке мұқтаж болсам, қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Соншалық проблемам жоқ екенін айтып, ризашылығымды білдірдім.
Өткен жылы Парламент мәжілісінің депутаты, белгілі қоғам қайраткері, Шығыс Қазақстан облысының тумасы Ерлан Саиров Павлодарға іс-сапармен келгенінде үйіме арнайы кіріп шықты. Дастахан басындағы әңгімеде «Аға, сізді сыртыңыздан жақсы білеміз, тағдыр-талайыңызға қанықпыз. Фейсбук парағындағы постарыңызды ұдайы оқып отырамыз. Әлеуметтік желіден көрінбей кетсеңіз, ауырып қалған жоқ па? – деген оймен алаңдаймыз. Денсаулығыңыз қалай, қандай көмек керек? – деп сұрады. Енді басымдағы жағдайды айтуыма тура келді.
Өзімнің онкодиспансерде тіркеуде тұрған онконауқас екенімді, зайыбым Бақыттың жоғары қан қысымымен ауыратынын, жүрегіне екі стент салынғанын, жасымыздың ұлғайғанын, кейінгі кезде бесінші қабаттағы пәтерімізге көтеріліп түсуіміз қиындағанын, егер әкімдік осы үш бөлмелі пәтерімізді көп қабаттағы үйлердің төменгі қабатындағы үш бөлмелі пәтерлердің біріне ауыстырып берсе, бізге үлкен қолдау көрсеткен болар еді – деген сөздермен жағдайымды баяндадым.
Ерлан Биахметұлы бұл мәселе бойынша облыс әкімі Әбілхайыр Сқақовтың атына өтініш хат жазатынын айтты. Көп ұзамай ҚР Парламенті Мәжілісінің бес депутаты қол қойған өтініш хаттың көшірмесін маған жіберді. Бірақ қалада қандай да бір іс-әрекеттің басталғаны байқалмады. Облыс әкімдігінің хат-хабарлар бөліміндегі қыз-келіншектер депутаттардың хатын қалалық әкімдікке ысыра салған сияқты. Ондағы қыз-келіншектер тұрғын үй-коммуналдық бөліміне жібере салған тәрізді.
Бөлім меңгерушісі шақырған соң бардым. Қабылдау бөлмесінде отырғанымда бір келіншек менімен тым құрыса бас изеп сәлем берудің ырымын жасамай, кабинетіне сызданып кіріп кетті. Мұның кәдімгі бюрократтардың бірі екенін бірден сездім. Біреумен ұялы телефонмен біршама уақыт сөйлескеннен кейін мені кабинетіне шақырды.
«Бірінші қабатта тұратын отбасыларға сіздер бұл пәтерді босатып, бесінші қабаттағы пәтерге көшесіздер. Бұл пәтерге басқа отбасы кіреді?» – деп қалай айтамыз?! Бұл заңсыздық болады!» – деген сөздерді бастырмалата айтты. Мен оған: «Біреудің пәтерін маған тартып әпер!» – деген секілденіп ыңғайсыз жағдайға түстім. Қорыта айтқанда, Парламент Мәжілісі депуттарының өтініш хаты заңсыз деген ойын айтты.
Егер ол келіншек: «Аға, сізді жақсы білеміз, сыйлаймыз, құрметтейміз. Дегенмен былай істесек, заң аясына сыймайды. Мәселені шешудің басқадай нұсқалары бар, бірақ онымен айналысу менің құзіретіме кірмейді. Егер әкімнің өзі қолға алса, шешуі мүмкін» – деп, адамгершілік тұрғысынан жауап берсе, ризашылық сезімімді білдірер едім ғой. Әлгіндей жағдайдан кейін оған бір ауыз сөз айтпай, жазбаша жауап беруін өтіндім.
Әлгінің жауап хатының көшірмесін депутат Ерлан Саировқа жіберіп, «Сіздердің өтініш хаттарыңызды обләкімдік қалалық әкімдікке лақтырды, ондағылар бөлім меңгерушісіне ысыра салды. Нәтижесі мынау! – дегендей сөздерді жазып, жауап хатқа сілтеме жасадым. Әлгі бюрократ келіншек республикаға танымал ақын, қоғам қайраткері, Павлодар қаласының құрметті азаматы мені осылай қабылдағанда қатардағы зейнеткерлерді қалай қабылдайды екен?! – деген ызалы ой біршама уақыт жүйкеме тиді. Қала әкімі Асайын Байхан қайдағы бір бөлім меңгерушісіне ар-ожданымды қасақана қорлату үшін жіберген сияқты болып көрінді.
Бір кездегі облыс әкімі Ерлан Арын есіме түсті. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының ашылуына қолдау көрсеткен Ерекеңнің өзі еді. Филиал директоры қызметіне бекітілген соң туындаған мәселелер бойынша мәдениет басқармасының басшысы Қадысова Роза Жұмабайқызының қабылдауына барайын. Басқарманы Қанафина Айым Мүкарамқызы басқарған кезде хатшы қызға: «Арман Қани келіп тұр» – деп айта салшы дейтінмін. Айекең бірден қабылдайтын.
Роза Жұмабайқызы мені қабылдау бөлмесінде 20-25 минуттай күттіріп қойды. Кабинетінің есігі ашылғанында телефонмен әлдекіммен күліп қызу әңгімелесіп отырғанын байқап қалдым. Ерекең С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың ректоры қызметін істеген кезде Қадысова ханымның проректор болып істегенін білем. Ерлан Мұхтарұлымен ұзақ жылдар бойы әріптес болған кадр дәл осылай мені есік аузында телміртіп отырғызып қояды деген ой қаперіме кірсейші. Ақыры қабылдады-ау. Қани деген тегіме қараған секілді, «Сіз оралмансыз ба?» – деген сұрақ қойды. «Жоқ, осы Керекудің тумасымын» – деп жауап бердім. Әйтсе де, мен айтқан мәселелердің бірін де қарастырмады, «Бұхар жырау музейіне барыңыз, сондағылар мәселеңізді шешіп береді» – деп шығарып салды.
Осы жағдайды баяндап, облыс әкімі Ерлан Арынның телефонына хабарлама жібердім. Кейін Ерекеңнің Роза Жұмабайқызын кабинетіне шақырып алып: «Сен кімсің, Арман Қани кім! Бүкіл республикаға танымал жерлес ақынды мәдениет басқармасын басқарып отырған өзің танымай, шығарып салма жауап бергенің қалай?!» – деп қатты ұрысқанын естідім. Р. Қадысова облыс әкімінің сұрағына жауап бере алмай, жылап жіберіпті – дейді. Ерекеңнің өз кадрына бүйрегі бұрмай, әділ сөйлегеніне риза болдым. Роза Жұмабайқызы кейін дүниеден озды, марқұмның жан-рухы жаннатта жайлануын тілеймін.
Қала басшысы Асайын Байхан мен облыс басшысы Әбілқайыр Ысқақовқа арналған екі өлеңнің баянына енді келейін.
Арман Қанидың 15 жасынан бастап Кеңес үкіметінің ұлттық саясатына қарсы өлеңдер жазып, жасөспірім оқушылар арасында «Жас ұлан» ұйымын құрып, ел-жұртты егемен елдікке шақырған үндеу хаттар таратқанын, ұйымды Мемлекеттік қауіпсіздік органы әшкерелегеннен кейін, комсомол қатарынан қуылып, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылып мектептен «өз өтініші» бойынша шығарылғанын, ұзақ жылдар бойы саяси қудалауды басынан өткергенін екі әкімнің екеуі де білсе керек. Арман Қанидың сонда да беті қайтпай, 1989-1991 жылдары құрылған «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстарының, «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі ретінде облыстың саяси-қоғамдық өміріне демокриятиялық, ұлттық құндылықтардың сыналап енуіне белсене атсалысқаны жөнінде де хабардар деген ойдамын. Кеңес үкіметі кезеңінде саяси сенімсіз адам ретінде КГБ-ның қара тізімінде тұрған жас ақынның балауса өлеңдерінің аудандық газетке де басылмағанын, ұзақ жылдар бойы диссиденттер сияқты күн кешкенін, сол ақынның егемен елдік кезеңінде облыстың қаламгерлері арасындағы ең танымал, республикалық, облыстық деңгейдегі ең жоғары марапаттарға ие болған айтулы ақынға айналғанын екі әкім де біледі деген пікірдемін
Сөйте тұра, екеуі де ақынның қазіргі жағдайына бей-жай қарайды деген тұжырым жасадым. Өйткені, Парламент Мәжілісі депутаттарының өтініш хатына екі әкім де мән бермеді. Денсаулығым болса ай сайын нашарлай түсуде. Қала әкімі Асайын Байхан тіл жанашырларымен кездесуінде оған: «Енді маған үй-жайдың керегі жоқ. Қолыңнан келсе Мойылды зиратынан жол жиегіне таяу жерден маған бір кісілік орын берілуіне қолдау көрсет. Мен өлген соң рухыма дұға оқу үшін жас ақындар қабірімді іздеп келеді» дедім. Сол сөздерімді қала басшысы ұмытып кетпеуі үшін «Әкімге өтініш» деген өлеңіммен негіздедім.
«Жолдар, жолдар алдымда сабылысқан,
Арманымды алысқа алып ұшқан.
Ақ сапарлар жүйткиді алға асығып,
Қарсы алады түбі оны қабірстан...
Қабірстан ғажайып, тылсым әлем,
Әуезді аят, әдемі ән, сыршыл өлең...
Тізе бүгіп ұлымның моласында,
Мұңымды айтып Тәңірге күрсініп ем.
Жолаушы едім мен де бір,
Жайымды ұғын,
Үй-жай емес, көр болды уайым бүгін.
Құс төсектен артықтау тәрізді енді
Тәнге жайлы зираты Мойылдының...
Тамырдағы қып-қызыл ызғарлы ағын
Қоюланып,
Айналса мұзға қаным.
Өксіп тұрған өлеңім сыртта қалып,
Көрге түсер өзіммен ізгі амалым.
Ет-сүйегім босаңсып жерге сіңіп,
Бір жасушам жусан боп жерден шығып
Гүлдегенше,
Шіркін-ай, жатсам екен
Жолға жақын қабірде кең көсіліп...
Жалғанда осы жоқ енді өкінішім,
Ар-иманым ақырғы бекінісім.
Бәлкім, Алла тағала қабыл алар,
Әкімге айтқан ақынның өтінішін...»
Бұлай жырлауыма себеп бар. Он бес жасар жалғыз ұлым Рауанды жерлегенімде, көзімнен қанды жасым сорғалап жүріп, «Құлыным түбінде сенің жаныңа келіп жатармын» – деп күбірлеп, қабірі жанындағы бос жерді кірпіш тастармен қоршап қойғанмын. Тағы бір барғанымда біреулер белгі тастарды лақтырып тастап, сол орынға бір кісіні жерлеп қойғанынын көрдім...
Мойылды зиратындағы жолдың сол жағында, күзетші үйінің тұсында әкем мен екінші анам және екі әпкем жерленген. Біршама туыстарымның қабірлері де сол тұста. Қазіргі кезде марқұмдарды зираттың басқа жерлеріне қояды. Таяуда нағашы апамның және үш бөлемнің қабірлерін іздеп таба алмадым. Қаптаған молалардың ортасында қалғанын ұқтым.
Егер жол жиегіндегі жерден бір кісілік орын бөлу қала әкімі Асайын Байханның қолынан келмесе, аруағым қапаланбас деп ойлаймын. Жалпы айтқанда, өз басым ағайын-туыстарға кенде емеспін. Өз жұртым сонау Қарағанды облысындағы Едірей, Үшқара тауларынан бастап осы өнірді де жайлаған қалың каракесектер мені өте құрметтейді. Баянауылдағы нағашы жұртым: орманшы, қозған, айдабол, қаржастар мені жиен, жиеннен туған жиеншар ретінде сыйлайды. Май ауданын мекендеген қайын жұртым бәсентиіндер мені күйеу ретінде әспеттейді. Керекудегі өзім туып өскен «Казкрай» қазақтарының маған деген ықыласы ерекше. Күрес жолында иық тірестіріп қатар жүрген қоғам қайраткерлері мен соңымнан ерген жас ақын-жазушылардың да маған деген ілтипаты айрықша. Солар менің мүрдемді елеусіз жерге апарып көме салмас!
Ал облыс әкімі Әбілхайыр Ысқақовтың мені мықты ақын және беделді қоғам қайраткері ретінде құрметтейтінін сеземін. Солай бола тұра, Мәжіліс депуттарының өтініш хатына бей-жай қарағанын түсінбеймін. Қала әкіміне: «Арман Қанидың пәтерін басқа пәтерге ауыстырып беру мәселесі қалай шешілуде?» – деген бір ауыз сөз айтса, барлық мәселе рет-ретімен өз орнына келер еді. Ақырында Әбілхайыр Бақтыбайұлы қазіргі жағдайыма назар аударар деген үмітпен «Іздеу» атты өлең жазған едім.
«Кездерде ақ желкенім қиратылған,
Ізгі үмітім үзілмей ширатылған!
Шара бар ма, шуақты шақта менсіз
Қайтады жұрт Мойылды зиратынан...
Қабірімнен жан-жаққа іздер қашып,
Жаз мезгілі кетеді күзге ұласып.
Сарыала мұң жамылған жалғыз талға
Қаршыға өлең қонады бізге ғашық.
Жалқын сәуле, ширек ай, мәрмәр қала,
Тұрады онда мұң-шерсіз жандар ғана...
Сұрғылт күмбез, құлпытас...
Қола мүсін
Қарайды үнсіз бақи мен жалғанға да.
Аруақты ердің жолымен жосылар лек,
Дұға оқиды молама осылар тек.
Келеді іздеп үйімді жас ақындар,
Өлең-жырдың ордасы осы ма?.. – деп.
Мені іздеген жандарды іздемейін,
Жас ғұмырлар жасасын жүзге дейін.
Жан-дүниесін рухыммен жебеп тұрсам,
Толқын-толқын жыр туар бізден кейін.
Түсінеді қазіргі халымды олар,
Талапты ұлға мендегі дарын қонар.
Әйтсе де үйде жатқанда, не қабірде
Әкім келсе
Сөзі оның қабыл болар...»
Мені енді үй-жайдан гөрі мәңгілік мекен жайымның мәселесі көбірек толғандырады. Қазіргі тұрған үйімнің қабырғасына «Осы үйде жерлес ақын, қоғам қайраткері Арман Қани 2005-202? жылдары тұрған» деген сөздер ойылып жазылған ескерткіш тақта орнатылар. Бірақ Ә. Ысқақов пен А. Байханның әкімдік құрған кезінде емес, бес жылдан кейін келетін әкімдердің тұсында орнатылады. Өйткені заң талабы солай.
Өз басым Әбілхайыр Бақтыбайұлына құрметпен қараймын. Оған титтей ренішім жоқ, айтар алғысым көп! Солай бола тұра, әкімдік жүргізіп отырған идеология саласына көңілім толмайтынын ашық айтамын. Жауапты қызметкерлердің мықты ұстанымы жоқ, әлдекімдер әрі итерсе әрі жығылып, бері тартса бері құлайтын былқ-сылқ еткен, іші желмен толтырылған резеңке қуыршақ сияқтанады. Мұндай жағдай әрі қарай жалғаса беретін болса әкімдікпен бірлесе жұмыс істеуден бас тартамын. Әбілхайыр Ысқақовқа рахметімді айтып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Президент жарлығымен маған берілген «Құрмет» орденін өз қолына тапсыруға бел буамын.
Оппозиция қайраткері Жасарал Қуанышалин сөйткен. Бірақ орденін тапсырғаннан кейін оның беделі төмендеген жоқ, керісінше өсе түскен сияқты.
Солай десем де, менің оппозицияның өкілі я биліктің кісісі емес екенім, ұлтшыл күрескер ақын екенім жұртшылыққа аян. Кезінде Парламент депутаты, оппозиция қайраткері, жерлесіміз Серікбай Әлібаевты өлеңмен сынағанмын. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Павлодар қаласының әкімі Ануар Күмпекеевті де қызмет істеп жүргенінде өлеңдеріммен қатты сынадым. Фейсбук парағыма екеуінің де суреттерін іліп қойып, «Шамалары келсе, құлағымды кесіп алсын!» – деп қырсықтым. Жора-жолдастарым: «Қалай қорықпайсың, өлеңдеріңе лайк қоюға біз қорықтық» – деп ағынан жарылды.
Мен осы жасымда өлетін жерден өлмей, сотталатын жерден сотталмай шықтым. Өзімді жез кернейдің өңешінен өткен кәнігі жауынгер сияқты сезінемін. Кеңес үкіметі кезеңінде осы өңірде он бес жасында егемен елдік идеясын жалаулатқан, сол үшін саяси қудалауды бастан өткерген ақын мен ғанамын! Республика көлемінде замандастарымның арасында да мен тәрізді тағдырлы ақын жоқ сияқты.
Енді зейнеткер аталған шағымда, дәлірек айтқанда, ешкімге тәуелсіз болған кезімде әкім-қаралардан да, өзгелерден де сескенетін жайым жоқ. Қаз дауысты Қазыбек бабам секілді жау ордасында да тілім жеткенінше сөйлеймін, аяғым жеткенінше жүремін, қолым жеткенінше сермеймін!
Тек Жаратқан иемізден жалғыз ғана тілегім бар. Пешенеме жазылған сызық үзілер алдында ақыл-есімнен адастырмаса екен. Әкем Бақтан сияқты Әзірейіл періштені абыроймен қарсы алуға мүмкіндік берсе деп тілеймін.
Сөз соңында екі әкімнің баянды бақытты ұзақ ғұмыр сүруін қалайтынымды білдіремін.
Оларға арналған екі өлеңнің баяны осындай.
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.