$ 494.87  520.65  4.91

«Референдум – Жаңа Қазақстанның бастау нүктесі» - Еділ Жаңбыршин

Халық осы өзгерістерден әділдік күтіп отыр және оларда дұрыс Қазақстан жасауға деген үміт жоғары.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХXI отырысында Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынған еді. Конституциялық референдум өтетін уақытқа да санаулы күндер ғана  қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бей-жай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Референдум соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткен еді. Содан бері 27 жыл өтті. Қарапайым халық мұның мән-мағынасына әлі де болсын толықтай жете алмай жүр. 

Осы орайда мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин референдум өткізудің қажеттілігі мен оның нәтижесі туралы кеңінен түсіндірді  деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.  

«Халық көп нәрседен хабарсыз. Референдумның не екенін білгенімен, нақты қандай мәселелер көтеріліп жатқанын, ол не үшін керек, қандай өзгерістер мен толықтырылулар бар екенін көп біле бермейді. Ал халық президенттің жасап жатқан саяси реформаларының әр жағында не тұр деген мәселені бірінші болып түсінуі керек». 

Дегенмен мәжіліс депутатының айтуынша қазіргі халық бұрынғылармен салыстырғанда саяси белсенді:

«Қазір халық өте белсенді. Белсенділігі сондай Конституцияның нормасын оқып, енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтыруларды қарап сұрақтар қояды. Халықтың қызығушылығы жоғары. Реформа өзінің нәтижесіне жеткен сияқты. Себебі, бізге керегі сол еді. Әлеуметтік желінің өзінде де жекемізге сұрақ жазып жатады. Айырмашылықтарын, мағынасын, нәтижесін сұрайды. Яғни жалпы халық осы реформалардан үміт күтіп отыр. Бұл қуантарлық жайт». 

Еділ Терекбайұлының пікірінше Конституциялық реформа – Жаңа Қазақстанның іргетасын қалайды:

«Жаңа Қазақстан – ұлттық идея. Президентіміз айтқандай Жаңа Қазақстан – әділ Қазақстан. Біз әділ Қазақстанды тұрғызуымыз керек. Себебі әлемде бай және кедей мемлекеттер барын ескерсек,  мемлекеттердің дамуы ондағы саяси экономикалық институттарға байланысты. Оған дәлел екіге бөлінген Корея мемлекеті.

Экономикалық институттың екі түрі бар: инклюзивті және экстрактивті. Экстративті саяси бәсекелестік жоқ, монополия, экономика кландардың билігінде, адамның меншікті құқығы сақталмаған, саяси институттарды монархия қолына алып алған, диктатура сонымен қатар халық мемлекет ісіне араласа алмайды. Ал инклюзивті институты бар мемлекетте шынайы бәсекелестік бар, адамдардың құқығы қорғалған, бизнесті ешкім тартып алмайды, еркін ойлы азаматтар өзінің өнертабысын потенттей алады. Инклюзивті және экстрактивті институттары бар мемлекеттердің дамуы екі түрлі болады. Біздегі траектория экстративтіге кетіп қалды. Өздеріңіз көргендей энергетика, теміржол, мұнай мен газ тіпті базарларға дейін монополия болып кеткен. Бізде саясатта да, экономикада да, бизнесте де шынайы бәсекелестік деген болмай қалды. Президент осының бәрін көргеннен кейін,  реформа жасап саяси және экономикалық архитектураны өзгертіп жатыр. Адами да, табиғи да ресурс бар кезде инклюзивті институт жаққа кетуіміз керек. Жетпей жатқаны – жүйені дұрыстау. Супер президенттік модельден мықты президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет дейтін формулаға көштік», дейді ол. 

Көпшіліктің көкейінде жүрген тағы бір мәселе тұңғыш Президентке қатысты бекітілген Конституциялық нормалар. Мәжіліс депутаты референдумда бұл норманың толық қаралатынына сендірді.

«Президент жасап жатқан реформада Елбасының конституциялық статустары және оның шексіз президент болып сайланатын нормалары алынып тасталады. Себебі заңда ол, оның статусы және отбасы қорғалған. Жаңа кезеңге көшетін болсақ отбасылық клан шектелуі керек. Бұрын президент облыс әкімдерінің, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің шешімдерін жойып, аудан әкімдерін орнынан босата алатын еді. Қазір оған да шектеу қойылды. Конституцияға өзгеріс енгізілгеннен кейін ол құзыреті толықтай жойылады» деді ол. 

Осы тұста ол халықтың әділетсіздіктен шаршағанын да тілге тиек етті:

«Халықтың ең бір шаршаған дүниесі – әділетсіздік. Барлық жүйе арнайы топтың мүддесіне жұмыс істеп келгеннен кейін жұмыс жүрмей қалды. Халық оның барлығынан хабардар. Конфуций айтқандай: «Ұрыс-керістің бәрі кедейліктен емес, әділетсіздіктен». Халық осы өзгерістерден әділдік күтіп отыр және оларда дұрыс Қазақстан жасауға деген үміт жоғары. Бифрукация нүктесі деген бар. Содан әрі қарай не хаосқа айналады, не өте жоғары деңгейдегі құрылымға айналады. Біз қазір сол бифуркация нүктесіне келдік. Егер президентің бастамасын қолдайтын болсақ, зор нәтижеге жетеміз. Президент осы орайда батыл қадамға барып отыр. Өйткені бұл өзгерісті парламент арқылы ғана жасауға болар еді. Ол халықтың өзіне салды. Яғни, халық билікке араласа алады. Инклюзив дегеніміз осы. Референдум – Жаңа Қазақстанның бастау нүктесі». 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары