$ 494.87  520.65  4.91

Солтүстікке қоныс аударған тағы бір отбасы жоқшылыққа шыдамай кері көшіп кетті

Обалы ауылы картадан жоғалып бара жатқан соң жергілікті билік баспана ғана емес, тіптен қорасына мал әкеліп, қажет болса жұмыспен де қамтамасыз ететіндерін айтып, ресми түрде жар салған.

Солтүстікке қоныс аударған көпбалалы отбасы Алматыға қайта көшіп кетті. Әкімдердің уәдесіне сеніп солтүстікке қоныс аударған алты баласы бар ана жоқшылықтың зардабын әбден тартқан. Балалары аштыққа шыдамаған соң, жесір әйел ұл-қыздарын алып, еріксіз көшуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұған дейін Ақмола облысының Обалы ауылындағы отбасы туралы мәлімет жариялаған едік. Щучинск қаласынан 35 км жердегі ауылға қоныс тепкен отбасы жарты жыл әрең шыдаған. Өйткені баспана, сиыр, өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз етеміз деген жергілікті билік уәделерін сол қалпы ұмытып кеткен. Қисайған ескі үйде қыстап шыққан жалғызбасты әйел балаларына айлап макарон ғана бере беріп келген.

«Көргенімді сөзбен жеткізе алмаймын, бұл бізге сынақ болды. Солтүстікте 50 жыл жүргендей қиналдық. Әкім келіп, «шулатпа, ары қарай тарап кетпесін, тоқтатыңыз» деді. Бізден де жағдайы нашар екенін айтып кетті. Ауылдағы тұрғындар «әкім уәдесін орындамайды, үнемі жылап жүреді, құр жұбатып кетеді» деп айтқан. Қысқасы ештеңе өзгермеген соң көшіп кеттік. Соңғы екі күнде мүлдем жейтін тамақ таппай қалдық. Кері көшіп бара жатқанымызды ауылдың чатына жазып едім, ол жерден мені мұғалімдер шығарып тастады. Өйткені басқалар да кері көшіп кетеді деп қауіптенді. О баста берген уәделеріне риясыз сеніп қалдық», - деді жалғызбасты ана Камилла Исмайылова.

Обалы ауылы картадан жоғалып бара жатқан соң жергілікті билік еліміздің түкпір-түкпірінен көпбалалы жанұяларды іздеген. Тегін баспана ғана емес, тіптен қорасына мал әкеліп, қажет болса жұмыспен де қамтамасыз ететіндерін айтып, ресми түрде жар салған. 100-ге тарта үй түтін түтетіп отырған ауылда бала саны күрт азайғандықтан, мектептің жабылу қаупі де туындаған еді. Былтырғы оқу жылында мектепті Исмайыловтардың жанұясы құтқарып қалған. Тоқыраудан көз ашпаған ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарта алмаған әкім жоқшылықтан әрең отырған көпбалалы ананы қорқытуға көшкен.

    «Ел қатарына қосылайық деп барғанда әкімдіктегілер АӘК-ті бірнеше ай бойы төлемеген. Балаларды қудалау мектептен басталса, мектеп басшылығы бұған көз жұма қараған. Олар «бөтен адамдар» саналды. Әкім балалардың қиын жағдайын көрсе де «бәрі жақсы болады, күтіңдер» деумен шектеліп, кетіп қалған. Онсызда тағдырдың тәлкегін көп көрген отбасын алдап шақырып, уәделеріне немқұрайлы қараған. Биыл балалар жылы, сонда оларға деген биліктің қамқорлығы осы болғаны ма?! Бар ақшаға азық-түлік алып бердік. Әлі де көмек керек. 80 мың теңгеге «времянка» жалдап алдық. АӘК алу үшін тұрақты тіркеуге тұруы керек», - деді қоғам белсендісі Жұлдыз Несіпбаева.

Еріктілер ақша жинап, аш отырған отбасының кері қайтуын ұйымдастырған. Қиын жағдайда тұрып жатқан жалғызбасты әйелдің жағдайын естіген ел бір аптада 114 мың теңге жинап берген. Жүрегі жаралы жандар пойызбен Алматыға жетті.

    «Көңіл күй жақсы. Балаларым қуанып жатыр. Түнгі сағат 2-де қашқандай болып көшіп кеттік. Шыдамымыз таусылды. Қиналғанда адам басына небір ойлар келеді екен. Өмірден түңіліп кеттік. Солтүстікке елді көшірудің бағдарламасы өтірік. Жалған уәдеге бәрінің жүйкесі шыдамайды. Әкімдердің айтқанына сеніп, көшемін дегендер әбден ойлануы керек. Барған күннің өзінде де дәл біз барған ауылға ешбір отбасының қоныс аударғанын қаламас едім. Қараусыз қалған, құлағалы тұрған, тышқаны жорғалап жүрген үйді берді. Биліктегілер балаларымның қиын жағдайына қысылып отырған жоқ, ауыл жойылса, өздерінің айлығынан, орындарынан айырылып қалатындарын білгендіктен жұртты алдап шақырады», - деді көпбалалы ана.

Айта кетейік, Исмайыловтар отбасына жәрдем беру үшін байланыс нөмірі: +7 777 022 46 62. Сол сияқты қаржылай көмекті Kaspi арқылы осы нөмірге жіберуге болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары