Жаңа атауларға кімдер қарсы?
Өткен 2021 жылы Павлодар қаласында 30 көшенің атауын қайта атау жөнінде мәселе қарастырылған еді. Алайда қалалық мәслихат 30-дың 17-сін ғана мақұлдап, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберді. Ономастика саласында мораторий жариялануына байланысты бір жылдай ешқандай әрекет қолға алынған жоқ. Енді шектеу мерзімі өтті.
Аталған комиссия ескі көше атауларын мән-мағынасы жағынан мемлекеттік, ұлттық идеологияға сәйкес келетін заманауи жаңа атаулармен жаңғыртуды мақұлдап, түбегейлі шешім қабылдау үшін мәселені облыс әкімдігі мен мәслихатына ұсынды. Іле республикалық, облыстық орыстілді тәуелсіз басылымдар, сайттар шулап шыға келді! Мақсаты белгілі, әкімдік пен мәслихатқа алдын ала БАҚ арқылы қысым көрсетіп, кеңестік кезеңде қойылған орыс тіліндегі атауларды сақтап қалу. Мысалы, атышулы Сaravan.kz. басылымы «Хотела бы знать, за какие заслуги» – павлодарцы обсуждают переименование улиц» деген мақала жариялады. Ал жергілікті tipavlo.dar сайты және орыстілді чаттар жаңа атауларға қарсы жекелеген адамдардың ой-пікірлерін ұйымдастырды.
Бұл жайтқа орай айтарым, павлодарлықтар әдеттегінше қалыпты ынтымақтастық жағдайында мамыражай өмір сүруде. Тұрғындардың басым көпшілігі атаулардың ауыстырылуын түсіністікпен қабылдайды. Біршамасы мұндай өзгеріске тіпті мән бермейді. Солай бола тұра, әлгі басылымдар Павлодардың бүкіл тұрғыны қақ жарылып, ономастика мәселесі бойынша қызу айтыс-тартысқа түсті!» – деп сөз саптаудан еш қымсынбайды.
Сaravan.kz. тілшісі тіпті есім-сойлары жұртшылыққа көзі тірісінде белгілі болған Олжабай батыр, генерал Смағұлов, Кәукен Кенжетаев, Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаев, Қалмұқан Исабай, Рафиқа Нұртазина, Қазанғап би, Нағымбек Нұрмұхаммедов, Аманжол Шәмкенов, Қамар Қасымов, Дихан Әбілев, генерал Бәкіров, Қабдыкәрім Ыдырысов, Алма Әжібаева және ағайынды Дүйсембиновтерді меңзеп: «Бұлар соншалық кімдер еді?! Қоғамға қандай еңбек сіңіріпті?! – деген сықылды сөздермен мысқылдап, ернін шүйіреді... «Бірлік» атауын да жатсынады.
Әлгілердің барынша кеңірдегін созып айқайлап, бәз-баяғы қалпында қалуын жақтаған көше атаулары мынадай: Мир, Урицкий, 1-я Южная, 2-я Южная, Парковая, Донецкая, Кубанская, Совхозная, Таганрогская, Ангарская, Читинская, Декабристов, Юннатов, 1-я Советов, 2-я Советов, Зыряновская, Саянская, Лесная...
Кеңестік кезеңнен қалған орысша атауларды қазақ халқының ай маңдайлы ұл-қыздарынның есім-тегімен ауыстыруға жан-тәнімен қарсы шыққан журналистер мен блогерлерді қазақ тілді көпшілік кімдерге баларын білмей дағдаруда. Апырмай, бұлар шовинизм, нигилизм, фашизм дерттеріне ұшыраған жоқ па екен?.. – деген ой да көңілді мазалайды. Әйтпесе, түрі өзге болса да тілегі бір, тілі өзге болса да жүрегі бір жан дүниесі таза азаматтардың қайсысы өз елінде көше атауларын қазақша қоюды қалайтын қазақтарға соншалық өшпенділік сезімімен қарайды?..
Олардың «дәйектері» мен «дәлелдеріне» келетін болсақ, не жыларыңды не күлеріңді білмейсің. «Шенеуніктер көше атауларын ауыстыруды желеу етіп, бюджеттен қыруар қаржыны жымқырмақшы...», «Павлодарда бұдан басқа проблема жоқ па?!», «Әуелі көшелерді жөндесін!», «Тарихты өзгертуге болмайды!», «Қалада жүріп адасатын болдым», тағысын тағылар... Әйтеуір, «әләулайлымы» бітпейді, бітсе «халаулайлымға» көшеді...
Иә, әлгіндей журналистер мен блогерлердің пайымдауынша, патшалық-кеңестік кезеңнен қалғанның бәрі тарих! Қазақстандық қоғам ештеңені өзгертпей, жаңғыртпай баяғы бодандық кезеңіндегідей бұйығы тірлік кешуі керек... Біраз атау ауыстырылса да, мемлекеттік мекемелер, өндірістік кәсіпорындар, сауда орындары, білім беру, мәдениет мекемелері, емханалар, ауруханалар – бәрі-бәрі өз орнында тұр. Біреулер бұл ғимараттарды басқа жерлерге көшіріп жіберген жоқ. Демек, ешкім де адаспай, жұмыс орындарына не көңілі қалаған жерлерге барады. Соны біле тұра, қисық мінезді пенделер қиястанып сөйлейді!
Атаулар талқыланатын бейнеконференциялар мекен-жайларының сілтемесі техникалық себептерге байланысты істемей қалса да, лауазымды тұлғаларды қаскүнем қылып көрсетеді. Патшалық-кеңестік кезеңді көксеп, кеңестік-коммунистік идеологияны дәріптейтін павлодарлық орыстілді тәуелсіз журналистердің бәрін білеміз. Алайда солардың бірде бірі ономастика мәселелерін талқылау бойынша жиындарға қатыспайды. Тек өзгелерді жібереді.
Солай десем де, әлгілердің мәдени деңгейі Баянауылда Олжабай мен Жасыбай батырлардың кешенді ескерткішінің орнатылуына тосқауыл қою мақсатында боқ-сідікті сөз етіп, алдымен кәріз құбырларын салыңдар! – деген рушылдардікінен бір елі болса да жоғары тұрғанын мойындаймын.
Енді тоқ етерін айтайын. Облыс әкімдігі мен мәслихаты ой-пікірлері қазақ халқының мұрат-мүддесіне кереғар келетін ат төбелейіндей аз ғана журналистер мен блогерлердің қоқан-лоқысын қаперге алмай, 17 көшенің жаңа атауын заңдастыратын оң шешім қабылдайды деген үміттеміз.
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.