17.09.2022, 17:25

Атырауда 7 жасар балаға алабай шабуыл жасап, бас терісінің бір бөлігін жұлып алды

Атырау облысының полиция департаменті бұл ақпаратты растады.

Әлеуметтік желіде қала іргесіндегі Томарлы ауылында 7 жасар балаға алабай тұқымды ит шабуыл жасап, бас терісінің бір бөлігін сыдырып, жарақаттағаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Ақжайық.

  Атырау облысының полиция департаменті бұл ақпаратты растады. 10 қыркүйекте кешкі сағат тоғызда жедел жәрдем облыстық балалар ауруханасына ит қауып алған 7 жасар ұлымен Томарлы ауылының 27 жастағы тұрғынын жеткізген.

Тексеру кезінде әйел ұлын көшеде ойнап жүргенде қаңғыбас иттің қауып алғанын айтты. Оқиға болған жерден учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция қызметкерлері әкімдікке хабар беріп, ветеринариялық қызмет тобын шақырды, - деп хабарлады ПД.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басынан ашық жарақат алған баланың травматология бөлімінде емделіп жатқанын хабарлады.

Басындағы барлық ашық жара тігілді. Ертең ауруханадан шығарылады, - деп хабарлады облыстық денсаулық басқармасы.

Ал қауып алған ит ше, Томарлыда бұралқы ит қаншалықты көбейген? Ауыл Қайыршақты ауылдық округіне қарайды, осы округтің әкімі Шапхат ҚАЛИЕВҚА қоңырау шалдық. Оның айтуынша, қазір балаға шабуыл жасаған ит Томарлыдағы қаңғыбас иттерді аулаумен айналысатын «AV Constructing» ЖШС-нің арнайы питомнигіне карантинге қамалған. Сондай-ақ әкім қазір ауылда қаңғыбас иттердің көп екенін, олардың кейбірі шабалана үріп, адамға шабатынын, бұл туралы жергілікті тұрғындардан арыз-шағым көп екенін айтты.

"Бұрын қаңғыбас иттерді ататын болса, өздеріңіз білетіндей, 1 наурызда оларды аулап ұстау туралы заң енгізілген болатын. Бірақ бұл оңай емес – сізге ол үшін торды немесе азықты пайдалану керек, ал бұл иттер адамға сенбейді, дереу қаша жөнеледі, тамақ бергенге де алданбайды. Қазір мұнда күніне ең көбі бес данадан ит ауланады", – дейді Ш.Қалиев.

Біз «AV Construction» ЖШС атқарушы директоры Азамат НАРЕГЕЕВКЕ де хабарластық. Оның айтуынша, шілде айында компания тендер ұтып алып, Қайыршақты ауылдық округінің әкімдігімен 8 млн 25 мың теңгеге келісімшартқа отырған. Шілде айынан бүгінге дейін Қайыршақты ауылдық округінде (бұл Жұлдыз, Көктем ықшамаудандары, Томарлы, Бесікті, Талғайран ауылдары) 141 ит ауланған. Келісімшарт 31 желтоқсанға дейін қолданыста.

"Оқиғадан кейін сол алабайды тауып, ұстадық. Иесі табылмады,  Алабай қазір Оңтүстік Промзонадағы біздің базада. Ұсталған иттерді сонда апарамыз, 3-5 күн ұстаймыз, оларды ветеринарлар тексереді, ұрықсыздандырғаннан кейін босатып жібереміз",- дейді А.Нарегеев.