$ 444.22  476.38  4.82

Сыртқы қарыздан қауіп бар ма? Сарапшылар пікір білдірді

Биылғы жылы сыртқы қарыз 164 миллиард долларға жетті.

Қазақстанның сыртқы қарызы үш жылда 6 миллиард долларға өсіп, 164 миллиард долларға жетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

2022 жылғы I тоқсанмен салыстырғанда II тоқсандағы сыртқы борыш 2,3 пайызға өскен. Ал, жиі қарыз алатын мемлекеттер қатарына Нидерланды, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция сияқты алпауыт елдер бар. Ең көп қарыз сомасы Нидерландыға тиесілі 42,7 млрд долларды құрайды. Екінші орында Ұлыбритания тұр. Ол елге берешегіміз 22 миллиард долларға жуық. АҚШ-қа 13 миллиард долларға көлемінде борышымыз бар. Халықаралық ұйымдарға 12,6 милилард, Ресейге 11,7 милилард доллар берешекпіз. Сондай-ақ, Қытай, Жапония, Гонконгты сынды біршама елдерге де қарызбыз. Ал, экономистер сыртқы қарызды уайымдауға еш негіз жоқ дейді.


- Қазақстанның сыртқы қарызы аз, бар болғаны 8-10 пайызды құрайды. Егерде ол 100 пайыз болғанның өзінде дамыған мемлекеттер үшін қорқынышты емес. Дамушы мемлекет Қазақстан 40 пайызбен шектеледі. Яғни 40 пайызға дейін сыртқы қарыз алуымыз мүмкін. Бүгінгі күнде сыртқы қарызымыз 12 миллиард доллар. Бұл жалпы ішкі өнімнің 6,7 пайызы, - дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Сарапшының пікірінше, елдің сыртқы қарызының құрылымында ең көп үлесті жеке сектордың фирмааралық берешегі алып отыр. Оның басым бөлігі шетелдіктердің қатысы бар ірі жобалар.

- Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 165 миллиард доллар. Бұл қарызды екіге бөліп қарастырамыз. Біріншісі, мемлекеттік қарызы мен Қазақстанның заңды тұлғалары алған қарыздар. Мәселен, Қашаған алты мемлекеттің құрған компаниясы. Каспий теңізінен мұнай шығару үшін Нидерландыдан 40 миллиард доллардан аса қарыз алған. Бірақ, бұған Қазақстан бюджетінің ешқандай қатысы жоқ. Бұл енді еліміздің заңды тұлғаларының қарызы болса да, Қазақстанның қарызы болып есептеледі.  Ол Қашаған кен орны белгілі себептермен екі жыл жұмыс істемеді. Оның бізге ешқандай әсері болған жоқ. Қашағанда 18 пайыз ҚазМұнайгаздың үлесі бар. Сол кезінде пайда болмай, кері әсер етті.  Жалпы, 165 миллиардтық сыртқы қарыздың 12 миллиардтан қалғандары біздің комиссиялық компаниялардікі. Сондықтан жалпы қарыздан қорқудың қажеті жоқ, - деді Сапарбай Жобаев.

Сондай-ақ, мемлекет бюджетінен бөлінген қаражат жетпегендіктен Қазақстан сырт мемлекеттерден қарыз алуға мәжбүр.

- 2022 жылдағы бюджет көлемі 18,5 триллион теңге. Соның 11 триллионы салықтан түседі, 4 триллион теңгені Ұлттық қордан аламыз. Ал, 2,9 триллионын қарызға аламыз. Бірақ, бұл қарызды еліміздің қаржы қорлары - Ұлттық қор, зейнетақы қоры мен банктерден аламыз. Өзіміздегі қаражат жетпеген кезде сырттан алуға мәжбүрміз, - деді экономист.

Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Қазақстан сырттағы қарыздарын өзі мүше болған әлемдік банктер мен Халықаралық валюта қорларынан алады. Себебі олар қарызды ұзақ мерзімге және төмен пайызбен беретінін айтты.

- Әлемдік банктер, халықаралық валюта қорлары халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қарыз береді. Біз әдетте елдегі қорлардан қарыз аламыз. Қазақстан ең көп қарыз алатын Нидерланды, Ресей, Қытай, Италия елдері. Олар Қазақстандағы өз компанияларына қарыз берген. Ал, мемлекет Азия даму банкі, Ислам даму банкі, Еуропалық даму банкі, Әлемдік даму банкі, Халықаралық валюта қоры сияқты өзіміз мүше болған қаржылық қорлардан қарыз алады, - деді Сапарбай Жобаев.

Сыртқы қарызды өтеу әр жылғы бюджетке сай қарастырылады. Мәселен, биылғы жылға мемлекет тарапынан 900 миллиард теңге шетелге қайтарылатын қарыз бен пайыздық мөлшерді төлеуге ақша бөлініпті.

- Сыртқы қарыздың теңге мен экономиканың болашағына тигізетін кері әсері аз. Біз бюджет тапшылығы болған кезде қарыз аламыз. Бізде сыртқы қарыз 8-10 пайыз, сондықтан біздің экономикалық дамуымызға әсер ете қоймайды. Бірақ, қарызымыз 40 пайызға жететін болса, онда оны қайтаратын қарыз бюджеттің үлкен үлесіне қосылып кетеді, - деді экономист Сапарбай Жобаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#сыртқы қарыз