Киелі Маңғыстауды 362 әулиенің мекені деп бекер айтпаған. Бекет ата, Шақпақ ата, Шопан ата сияқты тұлғаларды бүкіл қазақ пір тұтады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау жұртшылығымен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Маңғыстауды ашық аспан астындағы мұражай десек, артық айтқандық емес. Шежірелі аймақ ұлт тағдырына қатысты талай оқиғалардың куәсі болған. Осы өңірден қазақтың көптеген белгілі тұлғалары шыққан. Жалпы, бұл жақта халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы өте жақсы сақталған. Маңғыстаудың әйгілі жыршылар мектебі бабалар үнін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді», - деді Мемлекет басшысы.
Ол с оңғы жылдары қайта жаңғырған Отпан таудағы бірлік жиыны өнегесі мол, лайықты оқиға болғанын атап өтті. Бұл шара халқымыздың рухының мықтылығын көрсетті.
Президент жиын барысында Тәуелсіздік жылдарында облыстағы халық саны 2,5 есеге өскенін атап өтті.
«Өңірде халық санының күрт көбеюіне байланысты бірқатар мәселелер бар. Оны біз жақсы білеміз. Мүмкіндікке қарай бәрін біртіндеп шешіп жатырмыз.
Жалпы, Маңғыстау облысы әрдайым менің ерекше назарымда. Мемлекет басшысы қызметіне кіріскен кезде ең алдымен киелі Түркістан мен Маңғыстауға барғанымды білесіздер», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.