$ 484.11  528.79  5.03

Тоқаев: «Атырау алқабы – табиғи байлығымен қатар тарихи мұраларымен де танымал өлке»

Шын мәнінде, тәуелсіз ел ретінде аяққа нық тұруымызға Атырау тұрғындарының рөлі маңызды болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды БОРТ N1 телеграмм арнасы. 

«Бүгін сіздермен шежіресі бай, қазынасы мол Атырау жерінде кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Қойнауы қара алтынға толы бұл аймақ еліміздің экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда.

Ақ Жайықтың атырабы әрдайым Қазақстанның экономикалық тірегі болып келеді. Шын мәнінде, тәуелсіз ел ретінде аяққа нық тұруымызға Атырау тұрғындарының рөлі маңызды болды. 

Бүгінде мұнайдың бағасы едәуір жоғары тұр. Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын мен Үкімет басқарған кезде мұнайдың бағасы 10-15 доллар еді. Ірі кен орындары игерілмеген, заманауи технология келе қоймаған шақ болатын. Мұнайды экспорттау жолдары шектеулі, өте қиын заманды бастан өткердік», деді Мемлекет басшысы.

Президент: «Сіздер сол аса күрделі кезеңде елімізді дамытуға атсалысып, еңбек еттіңіздер. Қазір де мемлекетімізді нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып жатырсыздар. Сол үшін өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. 

Бұл өңірде мұнайшылық байырғы кәсіпке айналған. Қазақ мұнайының атасы атанған Сафи Өтебаевтың жолын ізбасарлары лайықты жалғастырып келеді».

Мемлекет басшысы: «Атырау алқабы – табиғи байлығымен қатар тарихи мұраларымен де танымал өлке. Өңірде мыңдаған жыл бойы озық өркениеттер болған. Бұл жерден табылған «Алтын адам» – соның бір айғағы. Көненің көзіндей Сарайшықта атақты хандарымыз ордасын тіккен. Шаһар кезінде ең ірі және ең дамыған қалалардың бірі болғаны баршаға мәлім. 

Иманқара үңгірі, Ақмешіт қорымы және басқа да тарихи орындар қазақтың сан қилы шежіресінен хабар береді. Осы аймақтан Исатай мен Махамбеттей батырлар, Мұрат пен Шернияздай ақындар шыққан. Бұл өлке қазақ руханиятында орны бар ақын-жазушыларымен, зиялы азаматтарымен танымал. Әнұранымыздың авторы Жұмекен Нәжімеденов – осы өңірдің тумасы. Сонымен қатар, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Зейнолла Қабдолов, Фариза Оңғарсынова, Қаршыға Ахмедияров, Рақымжан Отарбаев және басқа да біртуар тұлғаларды атап өтуге болады. 

Бүгін арамызда Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов ағамыз бар. Бәріміз бұл аса көрнекті композитор, жазушы, өнертанушы тұлғаны мақтан тұтамыз. Қаймағы бұзылмаған қазақтың байырғы мекені қай жағынан алып қарасақ та, қарқынды дамып келе жатыр. Біз мемлекеттік саясатта «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын ұстанамыз».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары