Мәжіліс Нұрсұлтан Назарбаевты «Елбасы» мәртебесінен айыруды қарастыратын заң жобасын жұмысқа қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Парламенті Мәжілісі «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» заң жобасын талқыламақ.
Палатаның жалпы отырысында Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметов аталған заң жобасы республикалық референдум қорытындылары бойынша ел Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленгенін айтты.
«Атап айтатын болсақ, биылғы 8 маусымдағы Заңмен Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Ата Заңның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Осыған байланысты, бұл заң жобасымен құқықтық негіздің жоқтығын ескере отырып, тиісті Конституциялық заңның күшін жою көзделеді», - деді А. Қожахметов.
Осылайша, Мәжіліс комитеті заң жобасын талқылауға алатын болды.