$ 498.34  519.72  4.85

«Конституциядан орыс тілін алып тастайтын кез жетті» – Қазыбек Иса

Біздің Қазақстанда мемлекеттік тілге қарсы осындай заңсыз саясат отыз жылдан астам уақыттан бері үстемдік етіп келеді.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Конституциядан орыс тілін алуды ұсынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Депутаттың айтуынша, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады деген норма орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi бар дегенді білдірмейді. 

"Сондықтан, Атазаңдағы 7-баптың 2-тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатқандықтан, бүгінде ұлтаралық жанжалдардың туындауына себеп болып отыр. Сондықтан Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастайтын кез жетті.

Өйткені, кез келген дүкенге, мекемеге кірген Ресей тілін білмейтін және шет тілін білмеуге толық хақысы бар азамат ел заңнамасына сай Мемлекеттік тілде қызмет етуді талап еткенде, одан 30 жыл бойы мемлекет те, басшысы да талап етпеген мемлекеттік тілді білмейтін сатушы не қызметкер «Бізде мемлекеттік тіл – екеу, Конституцияның 7-бабы, 2-тармағы солай» деп, заңсыз қарсыласады да, дау-жанжалдың барлығы осыдан шығады. 

Осы мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы Конституциялық кеңестің қаулысы айқындап берген анықтама-тұжырымды осы уақытқа дейін біз әлі парламенттегі көптеген депутаттарға, тіпті, мамандығы заңгер депутаттарға түсіндіре алмай келеміз", - дейді депутат.

Ол сонымен қатар аталмыш баптың жұртшылық арасында үлкен түсінбеушілік тудырып отырғанын айтады.

“Біздің елде Мемлекеттік тіл екеу”, “Орыс тілі - ресми тіл, мемлекеттік тілдің орнына жүре береді” деген заңға қайшы сөзді сауда орындарындағы сауатсыз сатушы айтса, мейлі, сақалы ағарған саясаткер, биліктегі жоғары лауазымды шенеуніктер айтып жатқанда, таңғаласың!

Біздің Қазақстанда мемлекеттік тілге қарсы осындай заңсыз саясат отыз жылдан астам уақыттан бері үстемдік етіп келеді.

ҚР “Тіл туралы” Заңының 4-бабында “Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі”, – деп айқын жазылған. 

Ал ҚПК-нің 30-бабы, ӘҚБтК-нің 738- бабы бойынша да Қазақстанда қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу тілі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізу де мемлекеттік тілде жүргізілуі керек.

Биліктің мемлекеттік тілді білетін мемлекеттік қызметкерлер жоқ деп, мемлекеттік тілді міндеттемей отыруы – Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттің мемлекеттік тілді дамытуда түк істемгенін мойындауы болып саналады", - дейді Қазыбек Иса. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары