Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің facebook парақшасында Шымкент қаласында дүрбелең болып жатқанын айтып, видео жариялады. Заңгер жариялаған видеодан бір адамның қолына қару алып қашып бара жатқанын байқауға болады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бейбіт күнде қолдарына қару алып, қалайша беймарал атысып жүр?! Қауіпсіз мемлекет, қауіпсіз қала тұжырдамасы қайда қалды? Сәләфилелер билікті оңай бермейміз деп осындай тәсілге көшті ме?», - деп жазған.
Ұзамай заңгердің парақшасында тағы бір бейне жазба пайда болды. Онда қолына қару алып жүгіріп жүрген адамның полиция көлігіне шабуыл жасаған сәті бейнеленген.
«Қаңтар оқиғасынан кейін жеке меншік қару-жарақ дүкендеріне талап күшею керек еді.
Кез-келген шет ел азаматы келіп қару жарақ дүкеніне кіріп қарапайым халыққа шабуыл жасай береме сонда?
Шымкент қаласы “Арсенал” қару-жарақ дүкеніне белгісіз азамат шабуыл жасап қару ұрлап кеткен.
Қайта мына көшеде адамдар аз болып құдай сақтады, халық көп жүретін көше болғанда не болар еді?!
Біздің Ел өмір сүруге қауіпсіз бе? Әлде бәріміз қалтамызға қару салып жүрейік пе?» , - делінген автордың жазбасында.
Шымкент полициясының баспасөз қызметі мәліметінше, сағат 14:40 шамасында Иляев-Рысқұлбеков көшелерінің қиылысында орналасқан қару-жарақ дүкенінде дабыл түймесі іске қосылған. Бірден қауіпсіздік агенттігінің қызметкерлері барды. Олар мен белгісіз қарулы адамның арасында атыс болған.
Нәтижесінде күзетшілердің бірі жараланған. Оқиға орнынан қашып кетуге тырысқанда, қарулы адамды патрульдік полицейлер мен Тұран АПБ криминалдық полициясының жедел уәкілі ұстаған.
Қазіргі уақытта жергілікті жерде жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқаны айтылды.