Конькимен сырғанаудан қазақстандық команданың көшбасшысы Роман Креч Алматыда өтіп жатқан Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарында 500 метрлік қашықтықты бағындыруда жүлдесіз қалды.
Алғашқы мүмкіндігінде Креч 36.002 уақытымен небәрі 9-шы орынға табан тіреген. Ал, екіншісінде 500 метрді 35.72 секундта сырғанап өтіп, 7-ші сатыға көтерілді. Қос жаттығу нәтижесінде қазақстандық спортшы 71.72 секунд көрсеткішке қол жеткізіп, жарысты жетінші орынмен аяқтады.
Айта кету керек, Роман Креч жасөспірімдер арасында әлем кубогіне бірнеше рет қатысып, жүлделі орындардан көрінген. Сондай-ақ, ол 2016 жылғы әлем кубогінің иегері атанды. 2010 және 2014 жылдары өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан Керч Универсиада алтынын алады деп болжанған еді.