Жо-жоқ, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы британдық кәсіпқой боксшы Билли Джо Сондерспен жұдырықтаспайтыны анық. Бірақ, неге екені белгісіз, боксшының боксшыға тастаған шақыртуына бірінші болып Головкиннің өзі емес, бапкері емес немесе промоутері емес, Қазақстанда отырған мәдениет министрінің жауап қатқаны қызық...
"Бастысы, ол сөзінде тұрса болды, біз дайынбыз", - деді бүгін министр журналистерге берген сұхбатында.
Мұхамедиұлының мына сөзін Билли Джо Сондерстің өзі естісе оны Головкиннің бапкері немесе промоутері шығар деп ойлайтыны анық қой?! Бірақ, Арыстанбек Мұхамедиұлының тұрпаты не Абель Санческе, не Том Леффлерге келмейді. Тіпті, министрдің мұрнына кәсіпқой бокстың иісі де бармайды емес пе?
Мейлі, қалай болғанда да бокссүйер қауым осынау жекпе-жекті тағатсыздана күтіп жүр. Бастысы, ол Астанада бола қалған жағдайда Арыстанбек Мұхамедиұлы Головкинге ұялы телефон тасып, әлем алдында Қазақстан абыройына тағы нұқсан келтірмесе болғаны. Жұрт Алматыда ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатын әлі ұмыта қойған жоқ. Ол кезде Мәдениет және спорт министрі ұялы телефонын құшақтап, әнұран айтып тұрған Илья Ильиннің құлағына тықпаштағаны көпшіліктің есінен шыға қойған жоқ.
Еске салайық, кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы британдық Билли Джо Сондерс қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен Қазақстанда жұдырықтасуға дайын екенін айтып, оған Твиттердегі парақшасы арқылы шақырту тастаған болатын. Дегенмен, екіжақты келісімге әлі қол қойылған жоқ. Яғни, бұл жекпе-жектің Қазақстанда өту-өтпеуі әлі белгісіз. Сондықтан GGG командасы Сондерске әлі нақты жауап берген жоқ. Тіпті, Головкиннің бапкері Абель Санчес өзі шәкіртінің маусым айында өзге боксшымен кездесу өткізуі мүмкін екенін айтқан болатын.