Алмат Жұманов 77 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасты.
Қазақстандық спортшы, үш дүркін КИнЭС рекордшысы Алмат Жұманов (Qazaq Titan) 13 қыркүйекте АҚШ-тың Голливуд қаласында жалаң қолмен жұдырықтасу бойынша алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алмат Жұманов 77 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасты. Ол қарсыласы америкалық Rayne Well-ді 1 раундта 3 мәрте нокдаунға түсіріп, нәтижесінде 1 минут 41 секундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Айта кетейік, бұл Алмат Жұмановтың жалаң қолмен жұдырықтасу спортындағы алғашқы жекпе-жегі. Ол – америкалық BKFC промоушенімен келісімшартқа отырған алғашқы қазақ. Жұманов үш мәрте КИнЭС рекордтар кітабына енген. Оның рекордтары: 1) 109 тонналы вагонды 8,5 метрге дейін сүйреген. 2) Иыққа түйе көтеріп, сол уақытта арқанмен үш жеңіл көлікті жүргізушілерімен бірге 13 метрге сүйреген. 3) 26 тонналық АН-72 әскери ұшағын 1 метрге сүйреді.
Қазақстандық спортшы 2022 жылы "Ирандық Халк" Саджад Гарибимен рингке шығып, қарсыласын 1-раундта техникалық нокаутпен жеңді. Осы кездесуден кейін BKFC лигасына шақырту алып, Колумбияда өткен екі іріктеу кездесуде қарсыластарын 30, 39 секундта нокаутпен ұтты.