Бейжіңдегі табысы арқасында Әмір дүйсенбіде жаңартылатын ITF жасөспірімдер рейтингісінде ТОП-10-ға кіреді.
Қазақстанның 18 жасқа дейінгілер арасында бірінші ракеткасы Әмір Омарханов Қытай астанасы Бейжіңде аяқталған ITF J300 BEIJING 2024 CHINA OPEN турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде 15-орында тұрған Әмір жартылай финалда сербиялық Ожен Миличтің (56 ITF Juniors) меселін қайырды.
Бастапқы партияда қазақстандық теннисші 0:6 есебімен есе жібергенімен, кейін мінез көрсетіп, жинала білді – 6:1, 6:3.
Ә.Омарханов финалда ұлыбританиялық Оливер Бондингпен (19 ITF Juniors) шеберлік байқасты. Бұл жолы да Әмір камбэк жасай алды. Бірінші сетте ұлыбританиялық теннисші тай-брейкте басым түскенімен, содан кейін Қазақстанның жас жұлдызы ойын тізгінін қолына ала білді – 6:0, 6:4.
Бұл – Ә.Омархановтың жекелей сында ITF Juniors додаларындағы алтыншы титулы. Бұдан бұрын Қарағанды теннис мектебінің түлегі Таиландта (J300), Кореяда (J300), Мысырда (J100), Грузияда (J60) және Қарағандыда (J60) үздік шыққан еді.