Алғашында бұл жағдайға қазақстандық жанкүйерлер наразылық танытқандай көрінген, алайда бірнеше секундтан кейін олар өздері әнұранның қалған бөлігін соңына дейін шырқады.
Албания астанасы Тиранада өткен күрестен жастар арасындағы әлем чемпионатының марапаттау рәсімінде тосын жағдай болды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасының өкілі Ризабек Айтмұхан Албанияда өткен жастар арасындағы (U23) әлем чемпионатында 97 кг дейінгі салмақта сынға түсіп, жеңімпаз атанды. Ал осы салмақ дәрежесі бойынша жүлде алған спортшыларды марапаттау рәсімі кезінде тосын оқиға болды.
Әлем чемпионатының осы санаттағы барлық жүлдегері марапатталғаннан кейін Қазақстанның мемлекеттік әнұраны орындала бастады. Алайда әнұран соңына дейін ойнамай, кенеттен тоқтатылды. Алғашында бұл жағдайға қазақстандық жанкүйерлер наразылық танытқандай көрінген, алайда бірнеше секундтан кейін олар өздері әнұранның қалған бөлігін соңына дейін шырқады.
Айта кетейік, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатының 97 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Ризабек Айтмұхан финалдық бәсекеде ирандық балуан Махди Морафахты 11:6 есебімен жеңіп, алтын медальға ие болды.