Оның айтуынша, экс-ауыратлет федерация тарапынан ұсынылған қызметтен өзі бас тартыпты.
Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері болған қызылордалық Алмас Өтешовтің ауыр тағдыры туралы көпшілік хабардар болған. Жуырда облыстық спорт басқармасы экс-спортшыға жұмыс тауып беріп, аяққа тұруына атсалысқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Ал, Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Мадина Астамирова sportbugin.kz сайтына берген сұхбатында Алмасқа бұған дейін федерация тарапынан неге қызмет ұсынылмағанын айтты.
Оның айтуынша, экс-ауыратлет федерация тарапынан ұсынылған қызметтен өзі бас тартыпты.
«Өзім де ауыр атлетикамен шұғылданып, он жылға жуық ұлттық құрамада болдым. Спортты аяқтаған соң да үнемі ауыр атлетика жарыстарын жіберген емеспін. Жанкүйер қатарында, кейін төрешілер құрамына іліктім. Осылайша, федерациямен байланыс орнатып, бүгінде бас хатшы қызметіндемін.
Алмас менің замандасым. Біз оған да талай рет жұмыс ұсындық. Бірақ ол Алматы қаласында балалар бапкері болудан бас тартты. «Мен кішкентай балалармен жүре алмаймын» деді. Бірден ұлттық құраманың бапкері болғысы келді. Алайда, жаттықтырушы болудың да өзіндік шарттары бар. Бес жыл бапкерлік өтілі жоқ мамандарға ұлттық құрамада бірден жұмыс табылмайды. Өйткені, қаншама уақытын осы спорт жолында сарп еткізген жаттықтырушылар бар.
Ол мемлекет берген пәтерін жекешелендіріп беруді сұрады. Бірақ қазір ешбір Олимпиада чемпионы да, әлем чемпионы да мемлекеттен берілген пәтерді біршама уақытқа дейін жекешелендіре алмайды. Заң солай. Ал Алмас болса, пәтерді сатып, несиелерін жапқысы келді. Бұл жерде бәрі де адамның өзіне байланысты», — деді Мадина Астамирова.