$ 519.55  596.03  6.63

Бокстан Әлем кубогы: Қайрат Сәтжанов боксшылар тізімі мен дайындығын айтты

Қазіргі уақытта АҚШ, Канада, Франция және Сербия командалары келді.

Фото: offside.kz
Фото: offside.kz

30 маусым мен 7 шілде аралығында елордада бокстан World Boxing ұйымының қолдауымен Әлем кубогының екінші кезеңі өтеді. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов Olympic.kz сайтына берген сұқбатында спортшылардың дайындығы туралы айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Сәтжановтың айтуынша, 17 маусымда Астанада біріккен оқу-жаттығу жиындары басталған. Ол 29 маусымға дейін болады.

"Жоспар бойынша жиынға 12 елден 71 спортшы қатысып жатыр. Алайда барлық құрама толық келіп үлгермеді. Қазіргі уақытта АҚШ, Канада, Франция және Сербия командалары келді. Сонымен қатар Корея, Аустралия және Әзербайжан құрамалары келуі керек. Таңертең әр құрама өзі бөлек дайындалады, ал түстен кейін біріккен оқу-жаттығу жиыны өтеді.

Ал жалпы, спортшыларымыздың дайындығы жаман емес. Барлық боксшы үш дайындық кезеңінен өтті. Бұл – жарыс алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиыны. Жігіттердің көңіл-күйі, дайындықтары өте жақсы", - дейді ол.

Бас бапкер оқу-жаттығу жиынына Қазақстан құрамасының бірінші және екінші нөмірлі боксшылары қатысып жатқанын айтты. Дегенмен жарысқа бір ғана құрам қатысады.

"Негізі екі құраманы да қатыстыруды жоспарлаған едік, бірақ рұқсат берілген жоқ. Әзірге алдын ала құрамды жасақтадық. Бірақ бір-екі салмақта спортшылар өзгеруі мүмкін. Өйткені, әр салмақта екі боксшы тіркеледі", - дейді ол. 

Алдын ала жасақталған құрамға төмендегі боксшылар енген:

  • 50 келі: Санжар Тәшкенбай
  • 55 келі: Махмұд Сабырхан
  • 60 келі: Серік Теміржанов
  • 65 келі: Ертуған Зейнуллинов
  • 70 келі: Абылайхан Жүсіпов
  • 75 келі: Сабыржан Аққалықов
  • 80 келі: Нұрбек Оралбай
  • 85 келі: Бекзад Нұрдәулетов
  • 90 келі: Сағындық Тоғамбай
  • 90 келіден жоғары: Айбек Оралбай.

Айта кетейік, Әлем кубогының алғашқы кезеңі Бразилияда өткен еді. Қайрат Сәтжанов кубоктың екінші кезең Қазақстанда ұйымдастырылып отырғандықтан, бұл жарыс өте маңызды екенін атап өтті. 

"Аталмыш жарыста жеңімпаз атанған спортшыға 300 ұпай, екінші орын иегеріне – 200, ал үшінші орынға тұрақтаған боксшыға 150 ұпай беріледі. Сондықтан барынша жоғары ұпай жинауға тырысу қажет.

Одан бөлек, турнирге әлемнің 30-дан астам елінен келген былғары қолғап шеберлері қатысады. Олардың қатарында Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен әлем чемпиондары бар. Демек, жарыстың деңгейі де, бәсекелестік те өте жоғары болмақ", - дейді бас бапкер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары