"Сырт көзге әуесқой боксқа сыймай жүрген бала сияқты болып көрінеді".
Танымал спорт комментаторы Исатай Мәди Төрехан Сабырхан туралы өз ойын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Исатай Мәди “Prommo Podcast” You Tube арнасында Төрехан Сабырханның “жұлдыз ауруына” шалдықпайтынын айтты. Оның пікірінше, қазақ боксындағы жаңа жұлдыздың айналасында “сөзі өтетін” адамдар жетерлік.
”Төрехан — әулетінен бірінші болып шыққан Тәшкенбай емес. Ол біреудің жолын қуып келе жатыр. Оның алдында ағасы бар. Ағасының сөзі оған өтеді. Сен әлем чемпионы болсаң, мен екі дүркін чемпионмын деп айтады. Оның жеке бапкері бар. Меніңше, оның айналасында оған сөзі өтетін, “әй” дей алатын адамдары бар. Бұған турнир барысында да көзім жетті. Басында ол жаман қиналды ғой. Көрсетемін, дәлелдеймін деген жастық жалынмен шықты. Бір жағынан ұнайды. Төреханның жалпы болмысы, стилі кәсіпқой боксқа жақсы келеді. Жастарда жүрген кезде өткен стилі ересектерде өтпей жатты. Өтпей жатса да, Құдайдың берген талантының арқасында алып шығып жатты. 1-2 рет солай қайталанғаннан кейін, ағасы мен жеке бапкері “жерге түс” деп айтқан болу керек, Макан Траоремен қалай әдемі жұдырықтасты. Окозаваны маңыратып жіберді.
Қазір ол 19-да. Олимпиада кезінде 22 жасқа келеді. Махмұд Сабырхан қазір нағыз бабына келді. Әлем чемпионатында бәрін жайпап өтті. Қарсыластарына ешқандай мүмкіндік бермеді. Төреханда да шамамен сондай болады. Әлі қиналады, бірақ ұтылмай келе жатқанына таң қаламын. Кәсіпқой боксқа да сондай нәтижемен, ұтылмай ауысса керемет болар еді. Сырт көзге әуесқой боксқа сыймай жүрген бала сияқты болып көрінеді. Оның ішіндегін толық ашып көрсететін жер кәсіпқой бокс сияқты”, — дейді ол.
Еске сала кетейік, 19 жасар Төрехан Сабырхан Англияның Ливерпуль қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 70 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.