"Жуалы жерінде дүниеге келген ұланға Шерхан деген есімнің де бекер қойылмағаны анық қой".
Белгілі журналист Оралхан Дәуіт әлеуметтік желідегі парақшада Шерхан Қалмұрза мен Шерхан Мұртазаның қандай қатысы бар екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Елге, жерге бөлінгендік емес. Бірақ әлеуметтік желілерде Шерхан Қалмұрзаның әкесі туралы неге айтылмайды деп жатыр екен.
Кеше бір үлкен кісіден естідім, Шерхан Жамбыл облысы, Жуалы ауданының тумасы екен. Әкесі Эльдар жастайынан бокспен айналысқан, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған көрінеді. Оны жуалылықтар жақсы таниды екен. Бүгінде Астанада тұрады. Бірақ енді өмір ғой, Шерханның әке-шешесі екі жаққа кеткен сияқты.
Жуалы жерінде дүниеге келген ұланға Шерхан деген есімнің де бекер қойылмағаны анық қой. Жуалы — Шерағаңның туған жері.
Лайым, Алла тағалам жас Шерханға бақ-береке берсін. Бабы да, бағы да келіскен спортшы болсын. Қазақтың туын көкте желбірете берсін», — деп жазды ол.