Инсайдерлік ақпараттарға сүйенер болсақ, жекпе-жек 7 желтоқсанда өтуі тиіс.
Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) жыл соңына дейін WBA белбеуінің иегері, кубалық Эрисланди Ларамен (31-3-3, 19 KO) титулдарды біріктіру үшін жекпе-жек өткізуі мүмкін, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл оқиға 6 желтоқсанда АҚШ-та PBC ұйымының PPV шоуы аясында Айзек Круз – Ламонт Роуч-кіші арасындағы жекпе-жекпен бірге өтеді деп күтілуде. Қазақстан уақытымен бұл 7 желтоқсан таңғы уақытына сәйкес келеді.
– Менің басты мақсатым – Әлемнің абсолютті чемпионы атану! Маған атақ-даңқ, ақша маңызды емес. Мен тарихта қалғым келеді. Қазақстаннан шыққан тұңғыш абсолютті чемпион болуым керек. Бұл менің халқым үшін орасан зор мәнге ие! – деп жазды Әлімханұлы өзінің парақшасында.
Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін биыл 5 сәуірде Астанада өткізген. Ол кездесуде француз Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) бесінші раундта нокаутпен жеңген болатын.
Ал Эрисланди Лара өткен жылдың қыркүйегінен бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Ол АҚШ боксшысы Дэнни Гарсияны (37-4, 21 KO) Лас-Вегаста мерзімінен бұрын жеңген еді.
Айта кетейік, әзірге қазақстандық былғары қолғап шеберінің командасы алдағы жекпе-жек жайлы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.