03.10.2025, 18:40

Өзбекстан мен Әзірбайжан 2027 жылы U-20 футболдан әлем чемпионатын өткізеді

Фото: FIFA

Осылайша, екі ел алғаш рет бірлесе отырып, әлемдік деңгейдегі айтулы турнирдің қожайыны атанады.

2027 жылы футболдан жастар арасындағы әлем чемпионаты (U20) Өзбекстан мен Әзербайжанда өтетін болды. Бұл шешім 2 қазанда Швейцарияның Цюрих қаласында өткен ФИФА Кеңесінің отырысында қабылданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Осылайша, екі ел алғаш рет бірлесе отырып, әлемдік деңгейдегі айтулы турнирдің қожайыны атанады. Айта кетейік, қазіргі таңда жастар чемпионаты Чилиде өтіп жатыр.

Сонымен қатар, ФИФА әйелдер арасындағы жаңа турнирді де бекітті. 2026 жылдың 28 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында Лондон қаласы әйелдер Кубогының финалдық кезеңін қабылдайды. Жарыс төрт матчтан тұрады және Англия астанасының төрінде өтпек.

ФИФА президенті Джанни Инфантино кеңестің ашылуында ұйымның басты ұстанымына тоқталды:

«ФИФА футболдың күшін адамдарды біріктіру үшін пайдалануға ұмтылады. Біз бүгінде әлемнің әр түкпірінде түрлі қақтығыстардан зардап шегіп жатқан жандарды ойлаймыз. Футболдың қазіргі таңда бере алатын ең маңызды үндеуі – бейбітшілік пен бірлік. Әрине, ФИФА геосаяси мәселелерді шеше алмайды, бірақ футболды бүкіл әлемге насихаттау арқылы оның бірлікке, мәдениетке, білімге және гуманитарлық құндылықтарға қызмет етуіне жағдай жасайды», – деді ол.

Айта кетейік, турнир иелері ретінде Өзбекстан мен Әзербайжан құрамалары автоматты түрде 2027 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.