Спортшы 18 наурызда 32 жасқа толады.
Семей қаласының тумасы, қазақстандық күш иесі Закир Найманбаев шапалақпен жекпе-жек өтетін Power Slap лигасындағы үшінші жеңісіне қол жеткізді. Бұл лига Дана Уайт бастамасымен құрылған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жекпе-жекте қазақстандық спортшы америкалық Уэс Менамен кездесті. Қарсыласының рекорды – 4 жеңіс, 3 жеңіліс. Кездесу толық үш раундқа созылып, төрешілер шешімімен Найманбаев айқын басымдықпен жеңіске жетті — 30:26, 30:26 және 29:27.
Осы жеңістен кейін Закир Найманбаевтың Power Slap лигасындағы көрсеткіші 3 жеңіс пен 2 жеңіліске жетті. Қазіргі таңда ол ауыр салмақ рейтингінде алтыншы орында тұр. Спортшы 18 наурызда 32 жасқа толады.
Бұған дейін ол дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Найманбаев пауэрлифтингтен Азия чемпионатын жеңіп алған. Сондай-ақ ерекше күш рекордтарымен танылған.
Мәселен, иығына тірі қошқарды салып отырып-тұру жаттығуын орындаған. Сонымен қатар ол блогер Амиран Сардаров жүргізетін «Дневник Хача» жобасындағы «Шапалақ шайқасына» да қатысқан.
Айта кетейік, Power Slap 18 турнирі Лас‑Вегас қаласында UFC 326 турнирі қарсаңында өтті.