Ол бразилиялық спортшымен кездесті.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Дияр Нұрғожай (11-2) АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC 326 турнирінде бразилиялық Рафаэл Тобиаспен (14-2) кездесіп, беделді промоушендегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жартылай ауыр салмақта жоспарланған үш раундтық айқас толық қашықтыққа созылды. Тартысты өткен кездесу қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті қазақстандық файтерге берді - 30:28, 30:28, 30:27.
Осылайша, Дияр Нұрғожай UFC-дегі алғашқы жеңісін тіркеді. Ал бразилиялық Рафаэл Тобиас үшін бұл кәсіби мансабындағы екінші жеңіліс болды.
Жекпе-жектен кейін қазақстандық спортшы әлеуметтік желіде жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
«Ассалаумағалейкум, Қазақстан халқы! Жекпе-жек енді ғана аяқталды. Қателіктер мен кемшіліктер болды. Бірақ жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Барша қолдау көрсеткен жанкүйерлерге үлкен рақмет!» - деді Дияр Нұрғожай.
Айта кетейік, UFC 326 турнирінің басты жекпе-жегінде америкалық Макс Холлоуэй мен бразилиялық Чарльз Оливейра октагонға шықты.