$ 493.85  571.78  6.25

Илья Ильинге 20 жылдық мансабынан кейін спорттық зейнетақы тағайындалды

Бұл жаңалықты спортшының жұбайы Татьяна Ильина әлеуметтік желіде жариялап, күйеуін құттықтаған.

Фото: Instagram.com / ilyailyinforever
Фото: Instagram.com / ilyailyinforever

Қазақстандық ауыр атлет, 37 жастағы Илья Ильин 20 жылдық табысты спорттық мансабынан кейін ресми түрде спорттық зейнетақы алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы

Бұл жаңалықты спортшының жұбайы Татьяна Ильина әлеуметтік желіде жариялап, күйеуін құттықтаған.

«Ендеше, сені де, өзімді де құттықтаймын. Енді мен зейнеткердің әйелімін… Мен сені шексіз мақтан тұтамын», – деп жазды ол.

Илья Ильин – ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада чемпионы (Бейжің 2008, Лондон 2012), әртүрлі салмақ дәрежесінде төрт дүркін әлем чемпионы, жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы және төрт әлемдік рекордтың иегері. Ол төрт рет әлемнің үздік ауыр атлеті атанып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие болған. Сонымен қатар «Құрмет», «Барыс» және «Отан» ордендерінің иегері, «Жылдың халық сүйіктісі» сыйлығының лауреаты және дене шынықтыру мен спорт саласы бойынша PhD дәрежесінің иегері.

Спортшының жұбайы оның жетістіктерін ерекше атап өтті.

«Әлем үшін сен – ауыр атлетиканың аңызысың. Ел үшін – мақтаныш. Ал мен үшін – күн сайын таңданатын адамсың», – деп жазды Татьяна Ильина.

Өз кезегінде Илья Ильин спорттық зейнетақы Қазақстан спортшылар одағы, Спорт министрлігі және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болғанын айтты.

«2020 жылы біз Қазақстан спортшылар одағын құрдық. Сол кезде менің бастамаларымның бірі – олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне спорттық мансабынан кейін лайықты зейнетақы тағайындау болды. Осы бастаманы қолдаған әріптестеріме және мемлекеттік құрылымдарға алғыс айтамын», – деді ол.

Айта кетейік, спорттық зейнетақы жүйесі бойынша әлем және Олимпиада чемпиондарына спортта кемінде 20 жыл еңбек өтілі болса, ай сайын 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем қарастырылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0