28 жастағы Ербол Хамитов – Петропавл қаласының тумасы.
Ерлер арасындағы отырып жарысатын спринтте қазақстандық шаңғышы Ербол Хамитов қола медальға ие болды. Айта кетейік, дәл осы спортшы ашылу салтанатында Қазақстан туын көтеріп шыққан еді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
28 жастағы Ербол Хамитов – Петропавл қаласының тумасы. Бұл – оның мансабындағы екінші Паралимпиада ойындары. Ол жарысқа пара шаңғы және пара биатлон бойынша әлем чемпионы ретінде келген.
Ербол бала кезінде футбол мен күреспен айналысқан. 16 жасында джиу-джитсу мен жекпе-жекке бет бұрған.
19 жасында, 2017 жылы, оқ жарақаты салдарынан сол аяғынан айырылды. Кейін бұл оқиғаға кінәлі адамдар үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айырылған.
Оңалту кезеңінде Ерболға ММА федерациясы қолдау көрсеткен. Ол тіпті белгілі қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновпен бірге жаттығып үлгерген.
Ербол грэпплинг пен джиу-джитсу жарыстарына қатысып, жалпы санатта өнер көрсетті. 2019 жылы небәрі екі жылдық тәжірибемен грэпплингтен Азия чемпионатында (сұр және сары белбеулер арасында) жеңіске жеткен.
Ербол 2018 жылдан бастап пара шаңғы спортымен айналыса бастады. Бар-жоғы төрт жылдың ішінде ол алғашқы Паралимпиадасына жолдама алып, Бейжің-2022 ойындарында Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы болды.
Ерболдың спорттағы ірі жетістіктері Бейжің Паралимпиадасынан кейін байқала бастады. Ол пара биатлон мен пара шаңғыдан әлем чемпионы атанып, пара биатлон бойынша Әлем кубогының қорытындысында «Хрусталь глобусты» жеңіп алды.
Ербол Хамитовтың медалі Қазақстан үшін қысқы Паралимпиада тарихындағы төртінші жүлде болды:
Александр Герлиц – Пхенчхан-2018, пара биатлон (1,5 км спринт)
Любовь Воробьева – Лиллехаммер-1994, пара шаңғы (10 км, классикалық стиль)
Александр Герлиц – Бейжің-2022, пара биатлон (10 км)
Паралимпиада-2026 ойындарында Қазақстан атынан пара шаңғы мен пара биатлонда 7 спортшы бақ сынап жатыр:
Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Сергей Усольцев, Анна Грачева және Нұрлан Әлімов.