12.03.2026, 09:40

Елена Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінің ширек финалына өтті

Фото: Robert Prange/Getty Images

Қазақстанның көшбасшы теннисшісі төртінші айналымда рейтингіде 54-орындағы ұлыбританиялық Сонай Карталмен бетпе-бет келді.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақстанның көшбасшы теннисшісі төртінші айналымда рейтингіде 54-орындағы ұлыбританиялық Сонай Карталмен бетпе-бет келді.

Бұл олардың өзара алғашқы кездесуі еді. Сонай Картал үшінші айналымда сенсация жасап, әлемнің 15-ракеткасы, 2025 жылғы Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы, америкалық Мэдисон Кизді жеңген еді.

Бірінші партияда Рыбакина 4:1 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Картал есепті қысқартқанымен, Рыбакина басымдылығын сақтап қалды — 6:4.

Екінші сетте есеп 4:3 болып, Е.Рыбакина жеңіп жатқан мезетте Сонай Картал жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартты.

Бір сағат 19 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 6 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жібермеді. Картал 2 эйс, бір брейкпен көзге түсті.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен таласады. Д. Пегула төртінші айналымда әлемнің 12-ракеткасы, Токио Олимпиадасының чемпионы, швейцариялық Белинда Бенчичті жолынан тайдырды — 6:3, 7:6 (7:5).

Е.Рыбакина өткен жылы Индиан-Уэллсте төртінші айналымнан аса алмаған еді. Биыл сол көрсеткішін жақсартты. 2023 жылы осы додада үздік шыққан қазақстандық теннисші ширек финалда өзінің басты қарсыластарының бірімен кездеседі. Одан өткен жағдайда әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен жолығуы ықтимал. 

WTA Live рейтингісінде Е.Рыбакина И.Швентекті өкшелеп тұр. Қазақстандық теннисші рейтингіде поляк қызын қуып жете ала ма, ол екеуінің алдағы ойындарының нәтижесіне байланысты болмақ.

Ширек финалға жолдама алған Е.Рыбакина қазірдің өзінде 193 645 доллар табыс тауып, 215 рейтингілік ұпайға қол жеткізді.