02.07.2026, 14:40

«Артымнан ерген футболшыларға жол ашқым келеді»: Дастан Сәтбаев (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

"Сіздерді жақсы көремін және қатты сағынатын боламын". 

Алматылық «Қайрат» клубының жас ойыншысы Дастан Сәтбаев клубтың ресми медиасына берген эксклюзивті сұхбатында болашақ жоспары мен Англияның «Челси» клубындағы басты мақсаты туралы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жас футболшы өзінің жеке жетістігінен бұрын қазақстандық футболдың дамуына үлес қосуды көздейтінін жеткізді. Оның айтуынша, Еуропа клубтарының Қазақстандағы жас таланттарға деген қызығушылығын арттыру – басты армандарының бірі.

«Өзіме көпір салып қана қоймай, артымнан еретін қазақстандық жігіттерге де жол ашқым келеді. Скауттар мен бапкерлер тек Еуропаға немесе басқа құрлықтарға ғана емес, Азияға, оның ішінде Қазақстанға да назар аударып, біздің жас таланттарды тауып, тани білсе екен деймін», – деді Сәтбаев.

Сұхбат барысында футболшыға «Осыдан 10 жылдан кейін бұл бейнені қайта көрсең, болашақтағы өзіңе қандай кеңес берер едің?» деген сауал қойылды. Бұған ол әрдайым биік мақсат қоюдың маңызын атап өтті.

«Сенің бұдан да үлкен белестерді бағындыруға қауқарың жетеді. Сондықтан жеткен жетістіктеріңмен ешқашан шектелме. Өзіңе үнемі бүгінгіден де жоғары талап қоя білуің керек», – деп жауап берді жас ойыншы.

Сондай-ақ Дастан Сәтбаев «Қайрат» сапындағы кезеңін ерекше ықыласпен еске алып, клуб жанкүйерлеріне алғысын білдірді.

«Жеңісте де, жеңілісте де бізбен бірге болғандарыңыз үшін ризамын. Маған арнап ерекше әрі есте қалатын ұран шығарғандарыңыз үшін рақмет. Сіздерді жақсы көремін және қатты сағынатын боламын», – деді футболшы.