03.07.2026, 15:00

Темірлан Анарбеков Еуропа клубтарынан ұсыныс түскенін айтты (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

"Қайрат Саветайұлына бағындым". 

«Қайрат» футбол клубының және Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков Еуропа клубтары тарапынан қызығушылық болғанын растады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Бизнес под капотом» подкастына берген сұхбатында жас қақпашы өзіне шетелдік агенттер хабарласып, Еуропадағы бірнеше клубтың ұсынысын жеткізгенін айтты.

«Топ-агенттер де шықты. Олар өз талаптарын айтып, қай клубтар қызығушылық танытып отырғанын жеткізді», – деді футболшы.

Алайда Анарбеков трансфер мәселесінде жеке шешім қабылдауға асықпағанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл мәселеде «Қайрат» клубының басшысы Қайрат Боранбаевтың ұстанымына толық сенім артқан.

«Мен "Қайрат" клубының ойыншысымын. Сондықтан Қайрат Саветайұлына бағындым. Ол: "Өзім шешем, сен алаңдама, ойыңды бөлме", – деді. Мен оған толықтай сендім», – деп бөлісті қақпашы.

Темірлан Анарбековтің айтуынша, қазір ол трансфер туралы әңгімелерге емес, өз ойынына және алдағы маңызды кездесулерге барынша көңіл бөліп жүр. Оның басты мақсаты – алаңда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, өз мүмкіндігін дәлелдеу.