Сот отырысында файтер өз кінәсін толық мойындаған.
Аралас жекпе-жек шебері Мұхит Амантаев қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Істі қараған сот спортшыны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86,5 мың теңге айыппұл салды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Мұхит Амантаев қоғамдық орында әдепсіз сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Осыған байланысты оған ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Сот отырысында файтер өз кінәсін толық мойындаған. Ол айыппұлды бір ай ішінде төлеуі тиіс.
ІІМ жариялаған бейнежазбада Мұхит Амантаев азаматтарды қоғамдық орындарда мәдениетті болуға шақырды.
«Қоғамдық орында байқап сөйлеңіздер. Заң бәрімізге ортақ», – деді ол.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан азаматтар заң аясында жауапкершілікке тартылатынын еске салды.