Роналдуның кейбір автокөліктері өзіне сыйлық ретінде берілген.
Португалиялық атақты футболшы, Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналдуөзінің жеке гаражындағы сәнді автокөліктер топтамасын көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
41 жастағы футболшы әлеуметтік желідегі парақшасында жеке гаражынан бірнеше сурет жариялады. Кадрларда Роналду ондаған қымбат әрі эксклюзивті көліктің арасында тұр. Жарияланымына ол қысқа ғана «Менің ойыншықтарым» деген жазба қалдырған.
Суреттерде футболшы сәнді суперкарлардың ортасында суретке түскен. Олардың қатарында Роналду отырған Ferrari Monza SP2, сондай-ақ Ferrari Daytona SP3, Ferrari GTC4 Lusso, Bugatti Veyron Grand Sport және Mercedes-AMG One бар.
Басқа ракурстардан оның коллекциясындағы Bugatti Chiron, Bugatti Centodieci, Ferrari LaFerrari және McLaren Senna сияқты сирек кездесетін гиперкарларды да көруге болады.
Португалиялық жұлдыздың автопаркі ондаған миллион доллармен бағаланады. Алайда бұл көліктердің көбі күнделікті жүруге арналмаған. Роналду кейде гаражына арнайы барып, көліктерінің жағдайын тексеріп, тамашалап қайтатынын айтқан.
Футболшының өзі коллекциясында нақты қанша көлік бар екенін де білмейтінін бірнеше рет мойындаған. Әртүрлі деректерге сәйкес, оның иелігінде 40-тан астам автокөлік бар. Соның ішінде ең сүйікті маркаларының бірі – Bugatti.
Роналдуның қымбат көліктерге деген қызығушылығы «Манчестер Юнайтед» пен «Реал Мадрид» сапында өнер көрсеткен жылдары қалыптасқан. Содан бері оның коллекциясы жыл сайын толықтырылып, бүгінде әлемдегі ең сирек әрі ең қымбат көлік үлгілерін қамтиды.
Дегенмен футболшы бұл көліктерді көбіне инвестиция ретінде сатып алатынын айтқан. Оның сөзінше, көптеген автокөлікті мүлде тізгіндемейді және нақты қаншасы бар екенін де есептемейді.
Роналду коллекциясындағы ең танымал көліктер
Сонымен қатар оның гаражында арнайы жасалған Mercedes-AMG G63, Bentley, Porsche және басқа да премиум брендтердің көліктері бар.
Айта кетейік, Роналдуның кейбір автокөліктері өзіне сыйлық ретінде берілген. Мәселен, футболшының 35 жасқа толған туған күнінде қалыңдығы Джорджина Родригес оған жаңа Mercedes-AMG G63 көлігін сыйлаған.