Футболшының суреті саябақтағы «Penguin Expedition» аймағында түсірілген.
«Челси» сапындағы қазақстандық футболшы Дастан Сәтбаев Гонконгтағы әйгілі Ocean Park ойын-сауық саябағына барып, пингвинмен түскен суреті әлеуметтік желілерде кеңінен тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Футболшының суреті саябақтағы «Penguin Expedition» аймағында түсірілген. Кадрда Дастан Папуа пингвинінің (Gentoo penguin) басынан сипап, ерекше әсерге бөленген сәті бейнеленген.
Айта кетейік, осы аптада «Челси» Гонконгта өткен жолдастық кездесуде Италияның «Ювентус» клубына 0:1 есебімен есе жіберді. Дастан Сәтбаев матчтың екінші таймында алаңға шығып, команда сапында өнер көрсетті.
Лондондық клуб Азиядағы турнесін жалғастырады. 8 тамызда «Челси» Индонезия астанасы Джакартада «Миланмен» жолдастық кездесу өткізсе, 9 тамызда Малайзияның Джохор қаласында жергілікті «Джохор Дарул Тазим» командасымен кездеседі.
12 тамызда Дастан Сәтбаев 18 жасқа толады. Осы күні клуб оны «Челси» ойыншысы ретінде ресми таныстыруы мүмкін деген ақпарат тараған.
Гонконгтағы сапары кезінде жас футболшы жергілікті жанкүйерлермен суретке түсіп, қолтаңба таратты. Әлеуметтік желі қолданушылары оның қарапайым мінезі мен ашық көңілін жоғары бағалап, жылы пікірлерін білдіруде.