$ 466.08  538.56  5.65

«Әнұранымызды жаттап алсын»: Елдос Сметов Жапониядағы Азия ойындарына дайындықты бастады

"Қазіргі уақытта физикалық дайындықты аяқтап, татамидегі жұмысқа кірістік". 

Фото: sports.kz
Фото: sports.kz

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындық барысы туралы айтып, Қазақстан құрамасының спортшыларына сәттілік тіледі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Дзюдошының айтуынша, дайындық жоспарға сай өтіп жатыр. Қазір ол физикалық дайындық кезеңін аяқтап, татамидегі жаттығуларға кіріскен.

«Азия ойындарына дайындық өте жақсы өтіп жатыр. Қазіргі уақытта физикалық дайындықты аяқтап, татамидегі жұмысқа кірістік. Елді қуантып, әнұранымыз шырқалатындай формада болуға тырысып жатырмыз», – деді Сметов.

Сметов Алматы облысындағы Олимпиадалық дайындық базасында өтіп жатқан халықаралық оқу-жаттығу жиынының жоғары деңгейіне тоқталды.

5-15 тамыз аралығындағы жиынға әлемнің 30 елінен 700-ден астам спортшы қатысып жатыр. Олардың арасында Олимпиада чемпиондары мен әлемнің үздік дзюдошылары бар.

«Мұнда әлемнің ең мықты спортшылары жиналды. Олимпиада чемпиондары да бар. Жапония мен Кореяның спортшылары көптеген жарыстарға қатыса бермейді. Шетелдегі жиындарға қанша барсақ та, кореялық немесе жапониялық спортшылармен кездесу мүмкін бола бермейтін», – деді Олимпиада чемпионы.

Сметов Қазақстан құрамасының барлық спортшыларына алдағы Азия ойындарында сәттілік тіледі. Оның сөзінше, басты мақсат – ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстанның әнұранын жеңіс тұғырында шырқату.

«Барша Қазақстан құрамасына, тек дзюдошыларға ғана емес, ел намысы үшін Азия ойындарында бақ сынайтын барлық спортшыға сәттілік тілеймін. Мемлекетіміз бен ұлтымыздың абыройын асқақтатып, әнұранымызды шырқатуға бар күшімізді салайық. Жапондар мен корейлер Қазақстанның әнұранын жаттап алатындай болайық», – деді Сметов.

Айта кетейік, XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласы мен Айти префектурасында өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0