Бұған дейін Софияда өткен алғашқы ойында да болгариялық команда дәл осындай есеппен басым түскен еді.
Алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі жарысын аяқтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алматылық команда қарымта кездесуді Түркістандағы «Түркістан Арена» стадионында өткізді. «Левскиге» қарсы өткен матчта қазақстандық клуб 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
Бұған дейін Софияда өткен алғашқы ойында да болгариялық команда дәл осындай есеппен басым түскен еді.
Қарымта кездесудегі жалғыз гол 13-минутта соғылды. Эвертон Баланың нәтижелі пасынан кейін «Левски» шабуылшысы Рейналдо мергендік танытып, командасына жеңіс сыйлады.
Осылайша екі матчтың қорытындысы бойынша «Левски» келесі кезеңге жолдама алды.
Дегенмен «Қайраттың» еурокубоктағы жорығы мұнымен аяқталған жоқ. Чемпиондар лигасынан шыққан алматылық клуб енді УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде бақ сынайды.
Бұл кезеңде «Қайраттың» қарсыласы бельгиялық «Андерлехт» пен грекиялық «ПАОК» арасындағы жұптың жеңімпазы болады.