Бокстан ұлттық құрама мүшесі, екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы дебюттік жекпе-жегін Астанада өткізеді. Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Санжар Тәшкенбайдың айтуынша, оның кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегі 28 тамыз күні Астана қаласында өтетін IBA x NOMAD Халықаралық бокс күні аясындағы кешке жоспарланған.
«Бұл мен үшін жай ғана кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жек емес. Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегімде IBF Asia чемпиондық белбеуі үшін 10 раундтық жекпе-жекке шығамын», – деп жазды боксшы.
Сондай-ақ ол осы уақытқа дейінгі жетістіктерінің артында Қазақстан халқының қолдауы мен сенімі тұрғанын атап өтті.
«Менің осы уақытқа дейінгі барлық жетістігімнің артында Қазақ елінің ақ батасы, қолдауы мен сенімі тұр. Қай жерде өнер көрсетсем де, өз елімнің жанкүйерлерінің қолдауын әрдайым жүрегіммен сезіндім. Сол себепті бұл жекпе-жекке де жалғыз шықпайтыныма сенемін. 28 тамыз күні Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында баршаңызды күтемін
Алла қаласа, бірге үлкен белесті бағындырып, Қазақ боксының тарихына тағы бір алтын бет жазайық!
Сіздердің қолдауларыңыз — менің ең үлкен күшім! Алға, Қазақстан!!» – деді Санжар Тәшкенбай.
Айте кетейік. Санжар Тәшкенбай қыркүйек айында Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатыса алмайды. Себебі құрлықтық додадағы бокс бағдарламасында оның өнер көрсететін салмақ дәрежесі жоқ.
Азия ойындарында ерлер арасындағы бокс бойынша барлығы алты салмақ санаты енгізілген. Ең төменгі салмақ дәрежесі –55 келі. Ал Санжар Тәшкенбай 50 келіге дейінгі салмақта бақ сынайды.