25.08.2026, 10:40

Бекзат Алмахан мансабын Грузияда жалғастырады

Фото: RKENA

Ұйым қазақстандық спортшымен келісімшартқа отырғанын ресми түрде жариялады. 

Қазақстандық ММА файтері Бекзат Алмахан мансабын Грузияның RKENA промоушенінде жалғастырады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ұйым қазақстандық спортшымен келісімшартқа отырғанын ресми түрде жариялады.

«RKENA отбасына Қазақстанның үздік файтерлерінің бірі Бекзат Алмаханды қарсы алайық!» – делінген промоушеннің әлеуметтік желідегі хабарламасында.

Бекзат Алмахан 13 тамызда UFC ұйымының ростерінен шығарылған болатын. Бұған оның келісімшартының аяқталуы себеп болды.

Қазақстандық спортшы UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін 2024 жылдың наурызында өткізді. Ол қысқа мерзімде ұсынысты қабылдап, сол кезде жеңіліс көрмеген Умар Нурмагомедовпен кездесті. Алмахан бірінші раундта қарсыласын нокдаунға түсіргенімен, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіліп қалды.

Файтердің UFC-дегі жалғыз жеңісі 2025 жылдың мамырында тіркелді. Ол канадалық Брэд Катонаны бірінші раундта нокаутқа жіберді. Кейін Александр Топурия мен Жан Мацумотодан жеңіліс тапқан соң, оның ұйыммен келісімшарты аяқталды.

Енді Алмахан карьерасының жаңа кезеңін грузиялық RKENA лигасында бастайды. Промоушен 2025 жылдың қазанында құрылған және турнирлерін Тбилисиде өткізеді.

Әзірге Бекзат Алмаханның жаңа лигадағы алғашқы жекпе-жегінің күні мен қарсыласы белгісіз.