Екі боксшының арасындағы басты мәселе – салмақ айырмашылығы.
Өзбекстандық боксшы, екі дүркін Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматов қазақстандық Сәкен Бибосыновпен тағы бір мәрте рингте кездесуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Olamsport жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Дусматовтың сөзінше, екі боксшының арасындағы басты мәселе – салмақ айырмашылығы. Өзбекстандық спортшы 50 келіге дейін салмақ түсірсе, Бибосынов 52 келіге дейінгі межеге бейімделген. Бұл жекпе-жек алдындағы қалпына келу кезінде олардың нақты салмағындағы айырмашылықты ұлғайтады.
«Әрине, мұндай жекпе-жек болуы мүмкін. Бұған дейін бұл тақырыпты қозғамадық. Мәселе – салмақта. Мен 50 келіге дейін, ол 52 келіге дейін салмақ түсіреді. Салмақ өлшеуден кейін келесі күні ағза қалпына келеді, сондықтан арамыздағы айырмашылық едәуір болады. Дегенмен кейбір лигаларда бір салмақ дәрежесінде өнер көрсетуге мүмкіндік бар. Жапониядағы лигада да бір дивизионда болдық. Сондықтан бұл жекпе-жек бір күні өтуі мүмкін», – деді Дусматов.
Дусматов пен Бибосыновтың текетіресі әуесқой бокста жақсы таныс. Қос боксшы осыған дейін төрт рет кездесіп, үш жекпе-жекте өзбекстандық спортшы жеңіске жеткен.
Сәкен Бибосынов жалғыз жеңісін олардың алғашқы кездесуінде – 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында тіркеді. Сол жолы қазақстандық боксшы қарсыласын жеңіп, кейін әлем чемпионы атанған еді.
Одан кейін Дусматов қатарынан үш кездесуде қарымта қайтарды. Ол Бибосыновты Аммандағы Азия чемпионатының финалында, 2023 жылғы Ханчжоудағы Азия ойындарында және Париж Олимпиадасының ширек финалында жеңді.
Осылайша, қазіргі есеп – 3:1. Егер тараптар бесінші жекпе-жекке келіссе, Бибосынов үшін бұл Дусматовтан реванш алуға тағы бір мүмкіндік болмақ.