27.08.2026, 23:30

«Бұл – Жәнібек пен Канелоның айқасы болады»: Әлімханұлы Ширазбен жекпе-жек жайлы айтты

Фото: janibek_alimkhanuly/ instagram

Әлімханұлының айтуынша, WBO ұйымы тағайындаған Ширазбен жекпе-жекте оны қарсыласының өзі емес, чемпиондық белбеуді иелену мүмкіндігі қызықтырады.

Жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған британдық Хамза Ширазбен ықтимал жекпе-жекке қаншалықты қызығушылық танытатынын айтты, деп хабарлайды Sn.kzSn.kzSn.kz ақпарат порталы. 

Әлімханұлының айтуынша, WBO ұйымы тағайындаған Ширазбен жекпе-жекте оны қарсыласының өзі емес, чемпиондық белбеуді иелену мүмкіндігі қызықтырады.

— Ол мені қызықтырмайды! Ол — танымал боксшы емес. Маған одан тек чемпиондық титул қажет. Ал одан кейін WBC мен WBO белбеулері сарапқа салынатын жекпе-жек болады! Бұл Жәнібек пен Канелоның айқасы болады, — деді Әлімханұлы.

Фото: Әлеуметтік желіден

Айта кетейік, қазақстандық боксшы мен британдық спортшы арасындағы жекпе-жек өту-өтпеуі әзірге белгісіз. Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Әлімханұлын Шираз иеленіп отырған екінші орта салмақтағы әлем чемпионы титулына міндетті үміткер ретінде ресми түрде бекіткен.

Тараптарға жекпе-жек бойынша келіссөз жүргізуге 20 күн берілген. Бұл мерзім 2026 жылғы 3 қыркүйекте аяқталады. Алайда британдық боксшының командасы аталған жекпе-жекті өткізуге қарсы болып отыр.

Бұған дейін әлем чемпионы Хамза Шираз WBO ұйымының Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізу туралы шешімін сынап, ұйымды жемқорлыққа айыптаған болатын.