08.11.2026, 16:30

«Темір-терсектің ешкімге қажеті жоқ»: Қуат Хамитов чемпиондық белбеудің маңызды емес екенін айтты

Фото: instagram.com/kuat__khamitov

Қазақстандық ММА файтері Қуат «Найман» Хамитов чемпиондық атаққа қол жеткізуді мансабындағы басты мақсат санамайтынын айтты. Оның сөзінше, белбеу мен атақтан бұрын жанкүйерге жақсы таныс, есімі көпшілікке мәлім қарсыластармен жекпе-жек өткізу маңызды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Журналист Александра Еличеваға берген сұхбатында Хамитовтан жанкүйерлер оның чемпиондық белбеу үшін күресін күтуі керек пе, әлде ол тек көпшіліктің назарын аударатын айқастарға басымдық бере ме деп сұрады.

«Мен чемпиондық белбеуді емес, танымал қарсыластың атын таңдаймын. Өйткені қазір, XXI ғасырда, ол темір-терсектің ешкімге керегі жоқ», – деді файтер.

Сондай-ақ ол чемпиондық атақтың уақыт өте келе ұмытылатынын айтып, ойын әзілмен түйіндеді.

«Он жылдан кейін мас болып, осылай жатсаң, бір кездері, бір жерде чемпион болғаныңды ешкім еске алмайды. “Әрі кет, маскүнем” дейді», – деді Хамитов.

Айта кетейік, Қуат Хамитов соңғы жекпе-жегін 30 қазанда Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен ACA 209 турнирінде өткізді. Ол ресейлік Алексей Махноны екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.