23.11.2026, 15:00

Қайрат Боранбаев «Реал Мадрид» президенті Флорентино Переспен кездесті

Фото: instagram.com/kairat.boranbayev

Бұл туралы Боранбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Реал Мадрид» президенті Флорентино Перес «Қайрат» басшысы Қайрат Боранбаевқа арнайы жейде сыйлады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Боранбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Қайрат Боранбаев былтыр мадридтік клубтың Алматыға толық құраммен келгенін еске алды. Алайда сол кезде «Реал Мадрид» президенті Флорентино Перес Қазақстанға келе алмаған. Енді екі клуб басшысы Мадридте жүздескен.

«Былтыр "Реал Мадрид" бізге, Алматыға, толық құраммен келді. Президент Флорентино Перес ол кезде ұша алмады, сондықтан бұл жолы мені қонаққа шақырды», – деп жазды Боранбаев.

Оның айтуынша, қазір УЕФА-ның Әлеуметтік және экологиялық тұрақтылық комитеті төрағасының екінші орынбасары ретінде Мадридке жұмыс сапарымен барған.

Кездесу «Реал Мадрид» пен «Сельта» арасындағы матчтан бір күн бұрын өткен. Сол кезде Боранбаев Флорентино Переспен футбол жайлы әңгімелесіп, одан ерекше сыйлық алған.

«Президентпен футбол туралы әңгімелестік. Ол маған KAIRAT 1 деп жазылған футболка сыйлады. Мұнда кім бірінші нөмір екенін білмеймін: мен бе, әлде "Қайрат" футбол клубы ма? Менің ойымша, екінші нұсқа. Бірақ футболканы өзіме қалдырамын», – деп әзілдеді ол.

Сондай-ақ «Қайрат» басшысы клубтың соңғы жетістіктеріне тоқталып, команданың дамуы академия мен ұзақ уақыттан бері жүргізіліп келе жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.

«"Қайрат" футбол клубы бір жылда Чемпиондар лигасының алғашқы топтық кезеңінен әлемдегі ең ұлы клубтардың бірінің президентінің жылы сөздеріне дейін жетті. Бұл академия мен біз құрып жатқан жүйенің нәтижесі. Біз енді ғана бастадық», – деп жазды Боранбаев.

Айта кетейік, «Қайрат» пен «Реал Мадрид» 2025/26 жылғы УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде кездескен. Мадридтік клубтың Алматыға сапары қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін маусымдағы айтулы оқиғалардың бірі болды.