27.11.2026, 20:30

«Астана» айыппұлдан көз ашпай, 221 млн теңге қарыз жинаған

Фото: ФК "Астана"

Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізіміне «Астана» екі рет енгізілген. 

Қазақстан футболындағы ең атақты клубтардың бірі «Астана» тағы да қаржылық дауға ілікті. Клубтың берешегі 221 миллион теңгеден асып, көліктеріне тыйым салынған,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бұл туралы pk.adata.kz сервисінің мәліметтеріне сүйенген спорт журналисі Иван Резванцев «Дядя Ваня» Telegram-арнасында хабарлады.

Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізіміне «Астана» екі рет енгізілген. Клубтың жалпы қарызы 221 089 480 теңгені құрайды. Осыған байланысты оның көліктеріне тыйым салынып, тіркеу және нотариалдық әрекеттерді жүргізуге шектеу қойылған.

Екі атқарушылық іс бойынша да өндіріп алушы – «MTEX Management» ЖШС. Бұл компания елордадағы «Астана Арена», «Барыс Арена», «Алау» мұз сарайы және Barys Arena Pool спорт кешендерін басқарады.

Бұдан бөлек, «Астана» жеке мекемесінің атына бір жыл ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 101 әкімшілік айыппұл тіркелген. Олардың жалпы сомасы 668 213 теңге болғанымен, әзірге бірде-біреуі төленбеген.