27.11.2026, 23:30

«Алынбас қамал»: Швециялықтар Темірлан Анарбековтің ойынына тәнті болды

Фото: ФК "Қайрат"

90 минут бойы қонақтар 23 жастағы қазақстандық қақпашының қақпасына 14 рет соққы бағыттағанымен, Анарбековтің шеберлігінен аса алмады. 

Алматылық «Қайрат» Конференция лигасының негізгі кезеңінде өз тарихындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Швецияның «Мьелльбю» клубына қарсы өткен кездесуде алматылықтар 1:0 есебімен басым түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Ал швед басылымдары бұл тарихи нәтиженің басты авторы ретінде қақпашы Темірлан Анарбековті атап отыр.

90 минут бойы қонақтар 23 жастағы қазақстандық қақпашының қақпасына 14 рет соққы бағыттағанымен, Анарбековтің шеберлігінен аса алмады. Матч барысында 7 сейв жасаған ол турнирдегі ең үздік 5 қақпашының қатарына енді.

Швециялық басылымдар Анарбековке жоғары баға берді:

Svenskafans.com: «Алынбас Анарбеков. Бізге тек соңғы нүкте жетіспеді. Бұл жолы сол шешуші тосқауыл – керемет матч өткізген 23 жастағы қазақстандық болды. Петтссон жеке-дара шыққан сәтте де, айып добынан кейінгі Юссеф пен Петтссонның қос соққысын да қатарынан қайтарды. Одан кейінгі Акидің соққысына да тамаша сейв жасады».

Aftonbladet.se: «Екінші таймда «Мьелльбю» есепті теңестіруге бірнеше рет жақын болды, бірақ «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков тамаша ойнап, қақпасын голдан аман алып қалды».

Fk.a2d.tv: «76-минутта таразы басын теңестіретін тамаша мүмкіндік туған еді, алайда шапшаң реакциясының арқасында Анарбеков әрдайым керек жерден табыла білді».

Ал «Мьелльбюдің» даниялық шабуылшысы Йеппе Кьер ойыннан кейін қазақстандық қақпашының шеберлігін ерекше атап өтті:

«Оған алғыс айту керек. Ғажап қақпашы екен. Бұл ойыннан көп сабақ аламыз, бірақ жасалған мүмкіндіктердің кем дегенде біреуін голға айналдыруымыз керек еді»