Бапкерлік мансабын 2019 жылы «Юнион Сент-Жиллуаз» клубында бастаған.
Бельгиялық маман Карел Герартс «Ордабасы» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды. Тараптар 2028 жылдың соңына дейін келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Карел Герартс футболшы ретінде Бельгияның «Брюгге», «Стандард», «Локерен», «Лёвен» және «Шарлеруа» клубтарында өнер көрсеткен. Ол ел чемпионы атанып, ұлттық кубок пен суперкубокты жеңіп алған. Сондай-ақ Бельгия құрамасы сапында 20 матч өткізіп, төрт гол соққан.
Бапкерлік мансабын 2019 жылы «Юнион Сент-Жиллуаз» клубында бастаған. Бас бапкердің көмекшісі болған кезеңде команда 48 жылдан кейін Бельгияның жоғары дивизионына оралып, кейін чемпионаттың күміс жүлдегері атанды.
2022 жылы Герартс клубтың бас бапкері қызметіне кірісіп, «Юнионды» ел чемпионатының қола жүлдесіне жеткізді. Оның жетекшілігімен команда Бельгия кубогының жартылай финалына және УЕФА Еуропа лигасының ширек финалына дейін жетті. Осы жетістіктері үшін маман Бельгияның үздік бапкеріне берілетін Раймон Гуталс атындағы сыйлықты иеленді.
2023–2024 жылдары Карел Герартс Германияның «Шальке 04» клубын жаттықтырды. Ал «Ордабасыға» келгенге дейін Францияның «Реймс» командасын басқарды. Оның жетекшілігімен клуб 2025/26 жылғы маусымда Франция кубогының ширек финалына шықты.