$ 494.87  520.65  4.91

Қазақтар Көшпенділер ойындарында екінші алтын жүлделерін иеленді

Қазақстандық спортшы Нұрбек Қабиев Қырғызстанда өтіп жатқан Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарында құраманың екінші алтын жүлдесін иеленді, деп хабарлайды «Қазақпарат».

Нұрбек Қабиев дүбірлі додада «Тогуз коргоол» интеллектуалды ойынында жеке есепте 4,5 ұпаймен бірінші орынға ие болды. Екінші және үшінші орынды қырғызстандық спортшылар өзара бөлісті. 

«Қазақша күрес» бойынша Қазақстан ұлттық құраманың бас бапкері Жеңіс Биткөзов хабарлағандай, жерлесіміз Нұрзат Бегасылов «Алыш» атты қырғыз ұлттық белбеу күресінде 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды. 

Бүгінгі күн «Қазақша күрес» сайысына арналды. Кей салмақ дәрежелері бойынша жекпе-жектер өтті. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ақтық сынға қазақстандықтар Ақтөре Жайлыбек және Әлішер Мұхамеджанов жолдама алды. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қуаныш Ысқақов пен Амангелді Сатыбалдинов, 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Аман Тойбергенов пен Әлімжан Жұмахметов жартылай финалда мүмкіндіктерін көрсетеді. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімі бүгін кешке белгілі болады. 

«Асық ату» ұлттық ойыны бойынша Қазақстан құрамасы «Ордо» ұлттық қырғыз ойынында Қырғызстанның бірінші құрамасын (спорттың кей түрлері бойынша Қырғызстанның намысын 2 құрамадан қорғаудан) алға жіберіп алды. 

Қазақстандық «Асық ату» ұлттық ойын федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржановтың сөзіне қарағанда, «Ордо» ойынының ережелері «Асық ату» ойынының ережелерінен ерекшеленеді. Осыған байланысты қазақстандықтар бірқатар техникалық және ойын ережелерін толыққанды білмеуіне орай қиындықтарға тап болды. 

Ертең қазақстандықтар Қырғызстанның екінші құрамасымен ойнайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары