Астаналық Garden Inn Astana қонақүйінде Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының спорт түрлері бойынша Нанкинде (Қытай) өткен II жазғы Жасөспірімдер Олимпиялық ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды «Қазақпарат».
– Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың саясатының арқасында елде спорт серпінді дамып келеді. Жыл сайын бізде ірі, әлемдік деңгейде жарыстар өтеді. Спортшыларымыз барлық ірі халықаралық жарыстарға қатысып жүр. ІІ Жасөспірімдер Олимпиялық ойындарында да біздің жас спортшыларымыз өздерін көрсете білді. Олар бізде де лайықты спортшылар бар екенін дәлелдеді, – деп атап өтті Мәдениет және спорт вице-министрі Тастанбек Есентаев өзінің кіріспе сөзінде.
Бұдан кейін жеңімпаздарға конфедерация құрған жекеменшік компаниялар қайырымдылығы есебінен ақшалай сыйлықты табыстау рәсімі өтті.
Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының күрес түрлері бойынша ІІ жазғы Жасөспірімдер ойындарында алтын медаль иеленген спортшыларға 25 мың АҚШ доллары берілді. Күміс медаль иегеріне 15 мың доллар бұйырса, ал қола жүлдегерлер 10 мың долларды иеленді.
Жас қазақстандық спортшылардан басқа ақшалай сыйлықты ҚР ҰҚК аға бапкерлері, жеке бапкерлер, құрама командалар мамандары алды.
Рәсімге конфедерация, федерация, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, белгілі қазақстандық спортшылар Арман Чилманов пен Нұржан Қатаев қатысты.
Күннің бірінші жартысында Нанкиндегі ІІ жазғы Жасөспірімдер ойындарының жеңіспаздары мен жүлдегерлері ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықовпен кездескенін атап өткен жөн, кездесу барысында халықаралық жарыстан өткен жеңімпаздар 1 млн. 820 мың теңгелік сертификаттар алды.