$ 498.34  519.72  4.85

Депутаттар А.Мұхамедиұлының трамплин құрылысына тым көп қаражат жұмсағанына наразы

"Ақ жол" партиясының депутаттары ҚР Мәдениет және спорт министрінің Щучинск қаласындағы трамплин құрылысына тым көп қаражат жұмсағанын айтып, наразылықтарын білдіріп отыр. Бұған дейін "ақжолдықтар" министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан 38,5 млрд теңгені қайда және қалай жұмсағанын айтуды талап етіп, депутаттық сауал жолдаған болатын.

Депутаттарға берген жауабында А.Мұхамедиұлы шаңғы кешенін салудағы басты мақсат - материалдық-техникалық базаны дамытып, олимпиадалық резервті даярлау екенін айтқан. Сонымен қатар, жалпыспорттық даярлық, сауықтыру шаралары және Қазақстан ұлттық құрамасы спортшыларының алаңсыз жаттығуына жағдай жасау, халықаралық деңгейде жарыстар өткзуді де Мәдениет және спорт министрі трамплин салудағы өздерінің басты міндеті екенін көрсеткен.

"Министр трамплиннен секіретін шаңғышылардың санын мысалға келтіріпті: барлығы 173 спортшы және 27 бапкер бар екен. Яғни, Министр әрбір шаңғымен секірушіге 223 миллион теңгеден жұмсаған болып отыр. "Ақ жол" депутаттары министрдің бұл жауабына қанағаттанбайды", - делінген фракция депутаттарының мәлімдемесінде.

"Ақжолдықтар" мұндай қымбат трамплиннің министрге не үшін қажет болғанын түсіне алмай әлек.

"Осыншама спортшыға арналған трамплин бізге қаншалықты қажет болды? Алматыда Сұңқар халықаралық шаңғы кешені бар емес пе? Қазақстанға олимпиадалық медаль әкеліп отырған бокс, күрес, жүзу, жеңіл атлетика, тау шаңғысы, мәнерлеп сырғанау сынды спорт түрлеріне мемлекет осылай шығындала ма?", - дейді депутаттар Арыстанбек Мұхамедиұлына.

Еске салайық, Щучинск қаласында салынып жатқан трамплиннің алғашқы құны 9 млрд 346 миллион теңгені құраған болатын. Девальвациядан кейін кешеннің құны 38,5 млрд теңгеге бір-ақ жетті. Бұл ретте айта кету керек, девальвацияға дейін трамплин құрылысының негізгі бөлігі салынып бітіп, аз ғана жұмыстардың қалғанын Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі айтқан болатын. Алайда, сол аз ғана жұмыс үшін министр неліктен 29 млрд теңгені қосымша бөлгізгенін айта алған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары