$ 443.44  480.51  4.88

Қуат Хамит: «Қазақстан жыл сайын футболды дамытуға $100 млн бөледі, бірақ еш нәтиже жоқ»

Ережесіз жекпе-жектен қазақ палуаны Қуат «Найман» Хамит Қазақстан футболын тағы да өткір сын астына алды. Еске салайық, танымал спортшы бұған дейін «Астана» футбол клубы шотландиялық «Селтиктен» 5:0 есебімен жеңілген кезде «Қазақстанда футбол ойнауға тыйым салу керек» деп мәлімдеген болатын.

Қуат Хамиттің осы мәлімдемесінен кейін оған қарсы сын айтқандар саны да көбейді. Тіпті, қазақ футболының ардагері Құралбек Ордабаев та одан білмейтін саласына «басын сұқпауды» сұраған болатын. Ал, өзге жанкүйерлер болса «Найманның» өзі әліге дейін UFC және Bellator секілді престижді жарыстарға шыға алмай жүргенін тілге тиек еткен. Кеше Қуат Хамит жанкүйерлердің бұл сынына жауап берді.

«Футбол тақырыбына соңғы рет ораламын және менің UFC мен Bellator жекпе-жектеріне неге қатыспай жүргенім туралы сауалдарға жауап беремін. Күні кеше білгенім, жыл сайын мемлекет футболға деп 100 миллион доллар бөледі екен. Жыл сайын. Бірақ, қаншама жыл өтсе де біздің футболшылар ешқандай нәтиже көрсеткен жоқ. Ал, менің алдын айтқан сөздерімді бір кісілер көтере алмай қалыпты. Оларға айтарым: айналаға бір қарап қойыңыздар, жұмыссыздық, халықтың дәрі-дәрмекке, балаларын оқытуға, несие төлеуге, айыппұл төлеуге ақшасы жетпейді. Бірақ, осындай қиындықтарға қарамастан уақытылы салықтарын төлеп келеді. Ал, бұл салықтан түскен ақша футболшыларға беріледі. Маған сеніңіздер, мен ешқашан ойдан шығармаймын. Менің сөздерімді есте сақтаңыздар, біздің футболшылар Әлем чемпионатында ешқашан өнер көрсете алмайды. Тіпті 1 миллиард доллардан бөліп отырсаңыздар да XXV ғасырға дейін әлем чемпионатына бара алмайды. Жыл сайын мұндай ақша алып отырған футболшылардың ұтылуға қақы жоқ. Егер мен қателессем сол XXV ғасырда көрден тіріліп тұрып, кешірім сұрауға дайынмын.

Ал, өзімнің жайыма келер болсам, мен спортта 15 жылдан бері жүрмін. Жекпе-жекпен 6 жылдан бері айналысамын. Осы уақытта әлемнің 15 елінде 25 жекпе-жек өткіздім. Олардың 20-да жеңіске жеттім, түрлі титулдардың иесімін. Міне, осы уақыт аралығында мемлекет маған 500 теңге де берген жоқ. 100 миллион түгілі рахмет те айтқан емес. Бірақ, бұған қарамастан елімнің туын көтеруді жалғастыра беремін. Жалғыз өзім. Ал, кейбір адамдар менің UFC-ге өтпей жүргенімді айтыпты. Оларға жауабым: біз халықтың бір тыйын ақшасын алмаймыз. Біз өз қаражатымызға жарыстарға барып жүрміз. Бірақ, соған қарамастан алған бетімізден қайтпай, жалғастыра бермекпіз. Егер біз жеңіліп жатсақ бізді ешкім сынай алмайды, өйткені бізге ешкім ақша берген жоқ. Демек, мұндай мәселе көтеруге қақыларыңыз жоқ», - деп жазды Қуат Хамит өзінің Instagram-парақшасында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары